«Ақтөбе» футбол клубы жекенің қолына өтті
Ақтөбенің брендіне айналған ақ-қызылдар футбол клубы жекенің қолына өтті. Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда өткен баспасөз мәслихатында клубтың жаңа басшысы таныстырылды. Басқарманың жаңа төрағасы болып Арман Оспанов тағайындалды. "Ақтөбе" футбол клубы жекешеленді. Ақ-қызылдар клубының жаңа меншік иесі ретінде Qazaq Stroy Properties компаниясы ресми түрде таныстырылды. Басқарма төрағасы Санат Шәлекенов өкілеттілігін аяқтап, жаңа басқарма төрағасы болып Арман Оспанов тағайындалды. Дегенмен, бұл шешімге жанкүйерлер наразы. Оған Арман Оспановтың әлеуметтік желіде бұған дейін жазған жазбасы себеп. "Ақтөбе" футбол клубының жанкүйерлері клубтың жаңа басқарма төрағасын қабылдай алмады. Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар жанкүйерлерді кездесуден кейін қайта қабылдаймыз деп тынышталдырды. Кейін «Ақтөбе» футбол клубының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы таныстырылды. Жоспарға сәйкес, команда 2026 жылы Премьер-лиганың үздік үштігіне еніп, ал 2027 жылы чемпион атанып, еурокубоктардың негізгі кезеңіне шығуды көздейді. Жаңа меншік иесі клубты дамыту ұзақ мерзімді жоба екенін атап өтті. Алдағы уақытта жаттығу базасын жаңарту, медициналық орталық пен футбол академиясын дамыту жоспарланып отыр дейді Арман Оспанов. Мақсаты — тұрақты әрі бәсекеге қабілетті футбол клубын қалыптастыру. «Ақ-қызылдар» клубын жекешелендіру 2025 жылдың қарашасында жоспарланды. Елдегі футбол клубтарын жекешелендіру жұмысын жеделдетуді Президент тапсырған болатын.Количество показов: 11
Дата создания: 09.01.2026 08:03:28



















