Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймаларында су қоры қалыпты деңгейде
Шаһарда биыл өнімдердің өсіп-өнуіне қолайлы кезең қыркүйек айына дейін жалғасты. Мамыр айының соңы мен маусымның басында жауын-шашын мол түсіп, суару жұмыстарына қажеттілік төмендеген. Мамандар осы кезеңде су қоймаларына шамамен 6 миллион текше метр су жиналғанын айтады. "Қазсушар" РМК мәліметінше, вегетациялық кезеңде қажетті көлемде ылғалмен қамтамасыз етілді. Ақтөбе су қоймасынан 28 миллион текше метр, Қарғалы су қоймасынан 27 миллион текше метр, Сазды су қоймасынан 2 миллион текше метр су жіберілді. Ақтөбе су қоймасында 78 миллион текше метр су жинаулы. Бұл жалпы сыйымдылықтың 32 пайызын құрайды. Сонымен қатар биыл көктемде Елек өзенінің су теңгерімін сақтау және экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында 65 миллион текше метр табиғат қорғау суы жіберілген. Мамандар үш су қоймасының жағдайы тұрақты екенін айтады. Нысандар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Айта кетейік, Ақтөбе су қоймасы 2024 жылдың қарашасында толық қайта жөндеуден өткен. Қарғалы су қоймасын жаңғырту бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Нысан қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтуде.Количество показов: 14
Дата создания: 07.10.2026 09:17:09



















