25 тамыздан бастап электр самокат жүргізушілеріне жаңа заң күшіне енеді
Ертеңнен бастап электр самокат жүргізушілеріне қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Енді самокатпен тротуар мен жаяу жүргіншілер жолында жүруге болмайды. Жаңа тәртіп тұрғындар арасында түрлі пікір туғызды.25 тамыздан бастап электр самокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолында жүруге тыйым салынады. Самокат жүргізушілері велосипед жолымен қозғалуы тиіс. Ал мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда, жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шетімен жүруге болады. Жолдың жүріс бөлігіне шығатын самокат жүргізушісі 18 жасқа толған болуы керек. Сонымен қатар кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы және қорғаныш шлемін киюі міндетті. Қараңғы уақытта немесе көріну жеткіліксіз болған жағдайда жарық қайтарғыш элементтер де болуы қажет. Жаңа талаптарға тұрғындардың көзқарасы әртүрлі. Бірі бұл өзгеріс жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттырады деп санайды. Енді бірі қалада велосипед жолдары жеткілікті деңгейде қарастырылмағанын айтып, самокат жүргізушілеріне қиындық туындауы мүмкін екенін алға тартады. Мамандардың айтуынша, жаңа тәртіптің негізгі мақсаты жаяу жүргіншілер мен электр самокат жүргізушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан самокат тізгініне отырған әр азамат жаңа талаптарды алдын ала ескеріп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауы тиіс. Ал жүргізуші куәлігі жоқ азаматтардың жолдың жүріс бөлігімен электр самокат басқаруына жол берілмейді. Талаптарды бұзған жағдайда заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылған.
Количество показов: 11
Дата создания: 25.08.2026 08:33:04



















