136 адамды қарызға батырған емші сот залынан босап шықты
Жүздеген адамды қарызға батырған Сұлушаш Қазбаеваға қатысты сот үкімі шықты. №2 қалалық соттағы соңғы процеске келушілер қарасы көп. Басым бөлігі емшіге миллиондап несие алып бергендер. Сот материалдарына сәйкес, сотталушы өзіне ем алуға келгендерге түрлі сылтау айтып, әртүрлі банктерден несие алдыртқан. Алған қаражаттарын "өзім төлеймін" деп уәде бергенімен, кейін сөзіне тұрмаған Қазбаева оларды қарызға белшеден батырған. Ол жәбірленушілерге жалпы сомасы 579 млн. теңге материалдық шығын келтірген. 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған емші бірден жазасын өтеуге емес, сот залынан үй қамаққа жіберілді. Жазасын өтеу мерзімі екі жылдан аспайтын мерзімге кейінге қалдырылды. Себебі, Сұлушаш Қазбаеваның кәмелетке толмаған баласы бар. Ал, жәбірленушілер сот үкіміне қанағаттанбайды. "Айыпталушыға жеңілдік жасалды" дейді. "Бізде де кішкентай балалар бар. Оларды қалай асыраймыз,-деп налыды. Марал Жаманбаева - емшіге банк арқылы 3 миллионнан астам қаражат алып берген. "Алатын айлығым мардымсыз, бар болғаны 90 мың теңге. Соттың үкіміміен келіспеймін. Әлі арызданамын. Маған несиені азайтып бермесе, қалай төлейтінімді де білмеймін" дейді ол. Істе 136 адам жәбірленуші деп танылған. Олардың қатарында емшінің жақын туыстары, сыныптастары мен ауылдастары да бар. "Дем саламын" деп, бәрінің басын айналдырған дейді жәбірленушілер. Айтуларынша, гипнозда жүргендей күй кешіп, несиені қалай алып бергендерін білмей қалған.Количество показов: 40
Дата создания: 08.10.2025 09:37:57