10-ға жуық ақтөбелік тұмауға қарсы екпе алды
Күз мезгілінің келуімен бірге тұмау жұқтыру қаупі де арта түсті. Дәрігерлер алдын алу шараларын күшейтіп, тұрғындарды вакцина салдыруға шақырып жатыр. Алайда, екпе алу мәселесіне қатысты қоғамда екі түрлі көзқарас қалыптасқан. Аймақта қазанның бірінен бері тұмауға қарсы вакцина жүріп жатыр. Жаппай иммундау тегін және ерікті түрде өтеді. Дәрігерлердің айтуынша, екпе тұмаудан толық қорғамаса да, аурудың асқыну қаупін едәуір төмендетеді. Алайда тұрғындардың арасында вакцинаға сенімсіздік танытатындар да бар. Бірі ағзаның табиғи иммунитетіне сенсе, енді бірі бұрынғы жағымсыз әсерлерді себеп етеді. Тұмауға қарсы вакцина алу маусымы қарашаның ортасына дейін жалғасады. Әр емханаға ресейлік өндірістегі «Гриппол Плюс» вакцинасы берілді. Аймақтың бас санитарлық дәрігері Райхан Қойшанованың мәліметінше, 140 мың ақтөбелік екпе алады деп жоспарланған. Олардың 109 мыңы жергілікті бюджет есебінен екпе алады. Ең алдымен екпе медицина қызметкерлеріне, содан кейін балаларға, мүгедектер және жүкті әйелдерге салынады. Қазір 10 мыңға жуық адам иммундалған. Соңғы жылдары елде вирустық аурулардың белсенді таралуы көрсеткендей, сақтық шаралары мен екпенің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Мамандардың айтуынша, вакцина — тек өзіңді ғана емес, айналаңдағы адамдарды қорғаудың жолы.Количество показов: 33
Дата создания: 07.10.2025 09:18:15