Өңірдегі жалғыз онкологиялық орталықтың жағдайы мүшкіл
Науқастарға жағдай жасалмай отыр. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіне қарасты онкологиялық аурухананың жағдайын өз көзімен көрген депутаттар осындай баға берді. Облыстың бас дәрігерін осы мәселеге назар аударуға шақырды. Бұл аурухана тек Ақтөбе өңірі емес, бүкіл батыс аймағынан келетін науқастарды қабылдайды. Қазір өңірімізде қатерлі дертпен есепте тұрғандар саны 7500-ден асады. Медициналық мекемеге жыл сайын миллиардтаған қаржы құйылып отыр. Әйтсе де қызмет сапасы төмен. Ең қажет деген аппараттар жұмыс істемей тұр. Науқастар тиісті ем қабылдай алмай отыр. Көңілі толмайтындардың қатарында әлеуметтік мәселелерді қарайтын комиссия төрағасы Амангелді Есіркепов, депутат Қайрат Сабыр мен Жұлдыз Қожабекова бар.
Ал денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтың бұл сынды мойындамасқа амалы жоқ. Бірақ бұл жерде шарасыз екенін айтады. Өйткені облыстық онкология акционерлік қоғам. Министрлікке бағынады. Жиын соңында аурухананың жағдайын республика көлемінде көтеру шешімі шығарылды.
Дегенмен, облыста медицинаның түйінді мәселелерінің біртіндеп шешім тауып келе жатқаны да рас. Аудандардағы медициналық ұйымдарға көңіл бөлінбек. Резидентурада білім алатын мамандар саны артқан. Мамыр айында Түркияның ірі ауруханаларымен келісімшарт жасалмақ. Жергілікті хирургтар трансплантация мен өзге де күрделі ота жасаудың заманауи әдістерін түрік әріптестерінен үйренеді. Айта кетейік, қазір облыс бойынша 100- ден астам адам бауыр мен бүйрек ауыстыру операциясына кезек күтуде. Әзір донор тапшы.
Количество показов: 926
Дата создания: 27.04.2022 17:55:13














 
    




 