Өңірде жұмыссыздар көп пе?
Бүгін – Халықаралық жұмыссыздар күні. Аймақта бос жұмыс орындар туралы ақпарат еңбек.кз порталына жарияланып отырады. Облыстық еңбек мобильдігі орталығы мамандарының сөзінше, жұмыс сұрап келгендердің басым бөлігі ұсынған жұмысқа бармайды. Жалақысы аз, мамандығым келмейді деген түрлі сылтау айтады дейді. Ұсынған жұмысқа мамандығы келмесе, мамандар қысқа мерзімді курстар оқып алуға кеңес береді. Былтыр аймақта 9 мыңнан астам адам мемлекеттік белсенді шаралар арқылы жұмыспен қамтылған. Ақтөбеліктер тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліп, екінші мамандық ретінде курстар оқуға мүмкіндік алды. Былтыр «Бастау Бизнес» жобасы аясында 6 740 адам кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы бойынша 540 адам, ал электрондық еңбек биржасының онлайн оқытуына 2 220 адам жіберілген. Ал санаттар бойынша 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасты. Орталық мамандары егде жастағы жұмыссыздарға "Күміс жас" бағдарламасы бойынша жұмыстар ұсынады. Ал, жастар диплом алған уақытына 5 жыл толмаса, жастар тәжірибесі бағдарламасы арқылы еңбекке араласа алады. Одан бөлек, аймақта әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға, тұрақты жұмыс орындарына, сондай-ақ мемлекеттік қайтарымсыз грант аясында жұмыссыздарды жұмыспен қамту іске асырылған. Мүгедектігі бар адамдар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар сияқты әртүрлі санаттағы азаматтар да қызметке тартылған. Биыл әлеуметтік жұмыс орындарына 650, күміс жас бойынша 850, қоғамдық жұмысқа 2 мыңнан астам ақтөбелікті тарту көзделген.Количество показов: 9
Дата создания: 29.01.2026 06:36:26



















