Өңірде сотталғандардың 63 пайызы жұмыспен қамтылған
Облыстағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде сотталғандардың 63 пайызы жұмыс істейді. Әр азаматтың мүмкіндігі мен қабілетіне қарай жұмыс түрі ұсынылған. Олардың арасында мүгедектігі бар адамдар мен зейнет жасындағы қарттар да бар. Бірі өндірісте еңбек етсе, енді бірі ауыл шаруашылығына тартылған. Мәселен, «Рамазан-Құс» кәсіпорнында құс шаруашылығына қатысты жұмыстармен қатар техникалық жұмыстар да ұсынылған. Аталған кәсіпорында 70 сотталушы жұмыс істейді. Ал қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты орташа қауіпсіздік деңгейіндегі 8-інші түзеу мекемесінде барлығы 994 жазасын өтеп жатқан сотталушы болса, олардың 637-сі жұмыспен қамтылған.Ал кейбір өндірістерде мұнай-газ саласына қажетті құрал-жабдықтар дайындалады. Мысалы "Алаш" серіктестігінде мұнай өндіруге арналған арнайы құралдар дайындалып, көлікке де қажетті жабдықтар жасалады. Кәсіпорын түзеу мекемесінде сотталғандардан 10 адамға жұмыс берген. Алдағы уақытта сотталғандар арасынан жұмысшылар санын көбейту жоспарда екенін айтты. Мұнда сотталғандар еңбек тәртібін сақтап, нақты мамандық бойынша тәжірибе жинақтайды. Сотталып шыққан азаматтарға жұмыс табумен қатар, құжаттарын реттеу, медициналық тексеруден өту, әлеуметтік ортаға қайта бейімделу секілді мәселелер де қиындық туғызуы мүмкін, дейді облыс прокурорының орынбасары. Сотталғандарды жұмыспен қамту олардың уақытын тиімді өткізуімен ғана шектелмейді. Еңбек арқылы азамат белгілі бір кәсіпті меңгереді, табыс табуға мүмкіндік алады. Мамандардың айтуынша, бұл - бостандыққа шыққаннан кейін де өз орнын табуына ықпал ететін маңызды фактор.
Количество показов: 14
Дата создания: 03.09.2026 09:53:16



















