Өңірде өрт қауіпсіздігін жүзеге асыратын жұмыстар пысықталды
Биылғы жылдың басынан бері облыста 264 өрт тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 9,6 пайызға төмен. Сондай-ақ өрттен келген материалдық шығын көлемі де 20 пайызға қысқарған. Дегенмен, төтенше жағдайлардың салдары толықтай азайған жоқ. Өрт салдарынан 6 адам қаза тауып, 7 тұрғын түрлі дәрежедегі жарақат алған. Мамандардың айтуынша, адам өлімінің артуына бір мезгілдегі өрт кезінде бірнеше адамның көз жұму фактілері себеп болған. Өрттің алдын алу мақсатында өңірде түсіндіру жұмыстары күшейтілген. Облыстық ТЖД өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 750 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 3 миллион 800 мың теңгеден астам айыппұл салынғанын жеткізді. Облыстағы мемлекеттік орман қоры жерлері 270 мыңға жуық алқапты құрайды. Оның 63,8 мың гектар алқап орманмен көмкерілген. Орман өрттерінің алдын алу үшін өңірде 5 орман өртін сөндіру станциясы жұмыс істейтінін айтады мамандар. Ал Қобда, Қарабұтақ және Орқаш орман шаруашылықтарында тағы үш станцияны пайдалануға беру көзделген. Өрт қаупін азайту мақсатында өңірде минералданған жолақтар салынып, өртке қарсы жолдар жөнделіпті. Орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы да жаңартылған. Маманның сөзінше, облыстық бюджет пен лизинг есебінен өрт сөндіру көліктері, тракторлар, патрульдік техникалар, ұшқышсыз ұшу аппараттары және өзге де арнайы құрал-жабдықтар сатып алынған.Количество показов: 8
Дата создания: 28.07.2026 06:59:14



















