Өңірде «Қазақстанның үздік тауары» байқауы өтті
Қаламызда өңірлік кәсіпкерлердің басын қосқан ауқымды көрме-байқау өтті. "Қазақстанның үздік тауары" және "Бір ауыл-бір өнім" жобасы аясында жергілікті өндірушілер өз өнімдерін таныстырып, үздіктер анықталды. Шараның мақсаты отандық өндірісті қолдап, өңірлік брендтердің әлеуетін арттыру және сапалы қазақстандық өнімдерді кеңінен насихаттау. Табиғи өнімдер, құрылыс материалдары, ұлттық қолөнер бұйымдары мен өндірістік тауарлар. Өнер орталығында өткен көрмеде өңірдің 80-ге жуық тауар өндірушісі өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Келушілер жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерімен танысып қана қоймай, оларды тікелей өндірушіден сатып алуға мүмкіндік алды. Шара барысында кәсіпкерлерге арналған панельдік сессия ұйымдастырылып, мемлекеттік қолдау тетіктері, тауарлық белгіні тіркеу және бизнесті дамыту жолдары түсіндірілді. Көрме аясындағы басты кезең "Қазақстанның үздік тауары" байқауы. Биыл үш номинация бойынша 30-ға жуық кәсіпорын бақ сынады. Ал "Бір ауыл-бір өнім" жобасы ауыл кәсіпкерлерінің әлеуетін арттыруға бағытталған. Биыл жобаға өңірдің түкпір-түкпірінен 50 өтінім қабылданып, олардың ішінен үздік 20 жоба жартылай финалға жолдама алды. Бұл бастама жергілікті шикізаттан өндірілетін өнімдердің нарыққа шығуына және өңірлік брендтердің қалыптасуына мүмкіндік береді,- дейді ұйымдастырушылар. Сарапшылар өндіріс сапасын, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін және инновациялық ерекшеліктерін бағалап, тоғыз үздікті анықтады. Олар енді республикалық кезеңде өңіріміздің намысын қорғайды. Жыл сайын ұйымдастырылатын көрме-байқау жергілікті өндірісті қолдаудың тиімді алаңына айналып келеді. Мамандар мұндай жобалар өңір экономикасын дамытуға және "Қазақстанда жасалған" өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.Количество показов: 6
Дата создания: 16.07.2026 07:26:56



















