Өңірде автожолдарды қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда
Өңірде автожолдарды қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин "Ақтөбе-Қандыағаш" және Ақжар тас жолдарын жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Облыс әкімі мердігерлер қызметінің сапасын бақылап, бірқатар тапсырмалар берді. "Ақтөбе-Қандыағаш" автожолын қайта жаңғырту жұмыстары былтыр басталды. Биыл аталмыш жолдың Ақтөбеден Алғаға дейінгі телімін "СинеМидасСтрой" ЖШС мердігер ұйымы жалғастырды. Қазір аталған автожолдың 11-ші шақырымына асфальт төселіп жатыр. Жұмысқа 150 адам мен 20-дан астам арнайы техника жұмылдырылған. Қазір аталған учаскеде жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Асфальт шығаратын зауыттар да қызу іске кіріскен. Егер осылай жалғаса берсе, "СинеМидасСтрой" ЖШС Ақтөбеден Алға ауданына дейінгі жолдың бір жағын, яғни, екі жолақты күзге дейін қолданысқа беруді жоспарлап отыр. Ал, Алғадан Қандыағашқа дейінгі жол бөлігін қайта жаңғырту жұмыстарына басқа мердігерлер жұмылдырылған. Қазір онда да жұмыс қызу. "Ақтөбе-Қандыағаш" автожолы халықаралық жоба болғандықтан мердігер ұйымның кепілдік мерзімі 2 жыл ғана. Алайда, сапасы жағынан мұндай жолдар 18 жыл қызмет етуге жарамды, дейді Марат Махамбетов. Аталған жол теліміндегі жөндеу жұмыстарының барысын тексеруге келген аймақ басшысы жұмыстардың орындалу сапасы мен мерзімін ерекше бақылауды, сондай-ақ, құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталғанға дейін көлік құралдарының кедергісіз өтуін қамтамасыз етуді тапсырды. Жоба 2023 жылы тапсырылуы тиіс. Аталмыш республикалық маңызы бар тас жолға ақтөбеліктер 41-бекет арқылы шығады. Алайда, бұл жолдың қазіргі жағдайы тұрғындарға қолайсыздық тудырып отыр. 41-бекеттің жолын жөндеуге міндеттелген мердігер ұйым былтыр асфальт жабынын сыпырып алып тастаған. Алайда, жалғаспай, тұрып қалған жөндеу жұмыстары мамырдың 10-нан бастап қайта жаңғырады, деді, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр.
Ал, Кірпішті ауданындағы Елек өзені арқылы өтетін көпірден "Ақтөбе-Орск" тас жолына дейінгі жолды реконструкциялау жұмыстарын "Агрофирма Коквест" ЖШС жүргізуде. Жол екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейтіледі. Мердігер компания директоры аталмыш жол телімінің екі шақырымын қала күніне дейін пайдалануға береміз, деп уәде етті. Ақжар тас жолында Елек, Бұтақ және Қарғалы өзендерінен өтетін үш көпір бар. Бұл көпірлер де қайта жаңғыртылады. Яғни, қазіргі 2 жолақ кеңейтіліп, 4 жолақ болады. Қазір Бұтақ өзені арқылы өтетін көпірді қайта салу жобасы әзірленіп, жұмыстар басталып кетті. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Кірпішті ауданындағы Елек өзенінен өтетін көпірден Қарғалы өзенінен өтетін көпірге дейінгі аралықтың ұзындығы 9 шақырым. Аталмыш жол телімін жөндеуге қазынадан 4,6 млрд теңге қаражат бөлінген. Жоба мерзімі 3 жыл, яғни, қайта жаңғырту жұмыстары 2023 жылдың соңына қарай толығымен аяқталуы тиіс.
Количество показов: 703
Дата создания: 04.05.2022 19:37:17
Программы
Факт
Информационная программа «ФАКТ» основана в 1994 го... Подробнее >>
Тәулік
«Тәулік» ақпараттық бағдарламасы телеарнадағы б... Подробнее >>