Өңірде АИТВ инфекциясын жұқтырғандар саны төмендеген
Облыс бойынша АИТВ-инфекциясының тіркелу көрсеткіші төмендеді. Жыл басынан бері жаңа жағдайлар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға азайған. Биыл өңір бойынша 21 адам АИТВ инфекциясын жұқтырып, орталық тізіміне енді. Ал төмендеу көрсеткішін мамандар ерте анықтау, тестілеу мен емдеу жұмыстарының нәтижесі деп отыр. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыста АИТВ-инфекциясының жаңа жағдайлары 26 пайызға төмендеді. Балалар мен жасөспірімдер арасында, сондай-ақ инъекциялық есірткі қолдану арқылы жұқтыру деректері тіркелмепті. Бұл туралы облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының мамандары мәлімдеді. Бүгінде диагнозы анықталған барлық науқас уақытылы есепке алынып, антиретровирустық ем қабылдауда. Алты ай ішінде облыстың 116 мыңнан астам тұрғыны АИТВ-ға тест тапсырып, әрбір оныншы тұрғын өз мәртебесін білген. Ал анонимді экспресс-тестілеуден 2,5 мыңнан астам адам өткен. Мамандардың айтуынша, бұл ерте анықтауға және дер кезінде емдеуді бастауға мүмкіндік береді. Бүгінде өңірде АИТВ диагнозы қойылған азаматтардың 95 пайызы антиретровирустық терапия қабылдайды. Ем алып жүргендердің 94 пайызында вирустық жүктеме басылған. Бұл олардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, инфекцияның өзгелерге берілу қаупін де айтарлықтай төмендететінін айтады мамандар. Одан бөлек, өңірде халықтың түрлі топтарына арналған профилактикалық жобалар жүзеге асырылуда. Дегенмен мамандар АИТВ инфекциясы әлі де қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі екенін еске салады. Өз мәртебесін білудің жалғыз жолы - тестілеуден өту. Қазіргі таңда диагностика қауіпсіз, қолжетімді және құпия түрде жүргізіледі. Ал уақытылы басталған ем АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға белсенді әрі толыққанды өмір сүруге мүмкіндік береді.Количество показов: 9
Дата создания: 29.07.2026 00:28:40



















