Зиянкестерді улау басталды
Эпидемиолог мамандар бүгіннен бастап қала маңындағы су-тоғандарды улауға кірісті. Өңдеу жұмыстары 3 күнге созылады. Осы уақыт ішінде Сазды, Елек, Қисық және Жіңішке өзендеріне дәрі себіледі. Бұл шаралардың барлығына биыл республика бюджетінен 2 млн. 340 мың теңге қаржы бөлінген.
Қала маңайындағы су-тоғандарды улау жұмыстары Ақтөбеде жыл сайын жүргізіліп келеді. Басты мақсат тұрғындарды шыбын шіркейлердің шабуылынан қорғау. Сондай-ақ мұндай алдын алу шаралары өңірімізде түрлі ауруларды тасымалдаушыларды жоюға көмегін тигізіп, безгек сынды аты жаман індеттердің таралуына да жол бермейді. Өткен жылғы өңдеу жұмыстары кезінде демилин дәрісі қолданылған болатын. Ал биыл денсаулық сақтау министрлігінің арнайы рұқсаты бар «Циперметрин» препараты қолданылуда. Оның басты себептері де жоқ емес. Біріншіден циперметриннің тиімділігі басқа препараттармен салыстырғанда өте жоғары, әсер ету күші 97-98 пайызды құрайды. Ал, екіншіден кез келген жағдайда қолдануға мүмкіндік мол, ең бастысы қауіпсіз. Биылғы өңдеу жұмыстарына республика бюджетінен 2 млн. 340 мың теңге қаржы бөлінген. Алайда, бұл қаражат өткен жылмен салыстырғанда біршама аз. Мұның себептерін эпидемиолог мамандар қала маңайындағы батпақты аудандар көлемінің кемуімен түсіндіреді. Олардың сөздеріне сенсек соңғы жылдары шырайлы шаһарымыздағы шыбын шіркейлер де біршама азайған. Ақ халаттылардың аузынан шыққан мұндай пікірге тұрғындардың барлығы бірдей қосыла бермейді.
|
Количество показов: 2322
Дата создания: 04.06.2013 18:40:05