Жылу беру маусымы екі аптадан соң аяқталады
Сәуірдің тәуір басталуы тұрғындарды әлекке салып қойды. "Трансэнерго" жылуды бәсеңдетпесе, ыстықтап барамыз дейді пәтер иелері. Монополист компания тұрғындарға тағы екі апта шыдауға кеңес береді. Алдағы аптада күн суытады деген болжам бар. Сәуір басталғалы қалада күндіз орташа температура 20-дан түскен жоқ. Әсіресе, жылудан ажыратылмаған көп қабатты үйде ыстыққа шыдап отыру- мүмкін емес, дейді тұрғындар. Амалы қалмаған халық жылыту батареяларын көрпемен қымтап, терезенің желдеткішін ашып қоюға мәжбүр. "Трансэнерго" АҚ басшылығы жылуды қала әкімінің шешіміне сәйкес беріп отырғандығын айтады. Жылу-энергия орталығы беретін жылу мөлшерін де кестеге сай реттеп отыр . Тұрғын үйлерді жылыту маусымы 21-ші сәуірге дейін жалғасады. Ал білім беру ошақтары мен мектепке дейінгі мекемелер 4-ші мамырға дейін жылытылады. "Трансэнерго" АҚ басшылығы алдағы аптада күн салқындауы мүмкін екенін алға тартады. Осыны ескеріп, жылыту маусымын созып отырмыз, дейді акционерлік қоғам директорының бірінші орынбасары Олжас Мектепбаев. "Трансэнерго" АҚ мыңнан астам көп қабатты үйді жылумен қамтиды. Солардың 10-15 пайызы ғана жылу есептегіш құралдарын қондырған. Қондырғының артықшылығы- тұтынушы қалаған кезінде берілген жылуды реттей алады, әрі меншікті жылу жүйесін тәртіпке келтіреді. |
Количество показов: 2171
Дата создания: 09.04.2013 19:10:04