Жолсеріктен тәркіленген аса ірі көлемдегі есірткі заты жойылды
Ақтөбе стансасындағы желілік ішкі істер басқармасында бүгін 16 келі марихуана отқа оранды. Аса ірі көлемдегі есірткі затын мекеме басшылығы жастарға сабақ болсын деген мақсатта колледж студенттерінің көз алдында жойды. 31 наурыз күні көліктегі полиция №33 бағыттағы "Алматы-Ақтөбе" жолаушылар пойызында тексеру жүргізген. Олардың "Жан" атты иісшіл иті аса ірі көлемдегі есірткі затының иісін сезеді. 2 жол сөмкесіне сиғызылған 9 бума марихуананы ақтөбелік 28 жастағы жолсерік Қызылордадан Ақтөбеге алып өтпек болған. Бірақ, заңсыз тауардың Алға мен Ақтөбе арасында жолы кесілді. Арнайы комиссия мүшелерінен бөлек есірткі затының жойылуын колледж студенттері де бақылады. Бір жағынан бұл жастарға сабақ. Сондай-ақ студенттер Ақтөбе стансасындағы ішкі істер желілік басқармасының қол қусырып бос отырмай, есірткі бизнесімен күресіп жатқанын білді. Ал бүгін жойылған тауардың иесі қазір қамауда. Аса ірі көлемдегі есірткі затын сақтағаны үшін үстінен қылмыстық іс қозғалды. |
Количество показов: 2073
Дата создания: 10.04.2013 19:04:56