"Жолаушылар автокөлік кәсіпорнының" жұмысшылары жалақыларын өсіруді талап етті
Қалада бүгін ертемен ереуілге шыққан қоғамдық көлік жүргізушілері 4 сағаттан кейін жұмыстарына қайта оралды. Таңғы сағат бестерде жинала бастаған топты ол жерге таңғы тоғызда жеткен қала әкімі Асхат Шахаров тарауға көндірді. Қалабасы "Жолаушылар автокөлік кәсіпорнының" автобус жүргізушілері мен кондукторларына мәселелеріңді анықтап, шешіп беремін деп уәде берді. 19 бағыт бойынша қатынайтын автобустардың жүргізушілері мен кондукторлары басшылыққа бірнеше талап қойып отыр. Олар жоспарды азайтып, жалақыны көтеру, зейнетақы мен медициналық сақтандыру жарнасын уақытында аударуды сұрайды. Ертемен көтерілген жұмысшылардың басшылыққа талабы- жалақы көбейтіліп, күндік жиналып, тапсырылуы тиіс ақша көлемі азайтылса дейді. Жүргізушілер мен кондукторларға кәсіпорын басшылығы, еңбек инспекторлары келіп, ереуілді тоқтатып, жұмыстарына оралуды сұрады. Онымен топ міз бақпастан тұрып алды. Төрт сағат бойы "Жолаушылар автокөлік кәсіпорнының" ауласында наразылық өткізген жұмысшыларға таңғы 9-дар шамасында қала әкімі Асхат Шахаров келді. Олармен тілдесіп, ереуілді тоқтатуға көндірді. Қалабасының уәдесін алған қоғамдық көлік жүргізушілер мен кондукторлар сол бойда жұмыстарына оралды. 9 жарымнан бастап бағыттарға автобустар шыға бастады.
Бірақ көтерілген мәселе нақты қашан, қалай шешілері әзірге белгісіз. Кәсіпорын жұмысшыларының айтуынша, таңнан қас қарайғанға дейін жұмыс жасап, айына алатындары 32 мың мен 70 мың теңге аралығындағы жалақы. Ал шығындардың ақталмай тұрғанын алға тартқан компания басшылығы мемлекеттен субсидия мен өтемақы берілсе ғана жағдайды дұрыстауға болатынын айтады. Жолаушылар автокөлік кәсіпорнынан бөлек қалада жолаушы тасымалымен "Автопарк" ЖШС-і де айналысады. Екі кәсіпорынның қызметі де ақтөбеліктердің көңілінен шығып отырған жоқ. Ереуілдің салдарынан бүгін таңда жұмысқа асыққан қарбалас сәтте мыңдаған жолаушы жолынан қалды. Жолаушылар тасымалымен айналысатын қос кәсіпорын жұмыс күндері шамамен бір жарым- екі млн адамға қызмет көрсетеді.
Количество показов: 1042
Дата создания: 12.02.2021 18:56:27
Программы
Факт
Информационная программа «ФАКТ» основана в 1994 го... Подробнее >>
Тәулік
«Тәулік» ақпараттық бағдарламасы телеарнадағы б... Подробнее >>