Жолаушылар автобусы соққан бөрене жеке үйдің төбесіне құлады
Көлік жүргізушісінің жол ережесін сақтамауы салдарынан жол жиегіндегі үй зардап шекті. Жол апаты бүгін сағат ондардың шамасында Махамбет Өтемісов пен Некрасов көшелерінің қиылысында болды. Басты жолда келе жатқан қоғамдық көлікті өткізбей, жолын кес-кестеген жеңіл көліктің кесірінен тұрғын үйдің шатыры бүлінді. Жол жиегіндегі бөрене Махамбет пен Некрасов көшелерінің қиылысындағы үйге құлаған. Соққының қатты болғандығы сонша, үйдің терезелері шытынап, шатыры бүлінген. Тұрғындар келген шығынды есептеп үлгермеген. Оларды ойлантып отырғаны - бүлінген төбе мен сынған терезені кім өтеуі тиіс. Жол апатына тап болған №28 бағыттағы автобустың да, "Ауди-100" жеңіл көлігінің де сау тамтығы қалмаған. Автобус жүргізушісі Арман Әлібековтің айтуынша, ол басты жолда келе жатқан. Некрасовтан жүйткіп шыққан жеңіл көлікті байқамай қалған. Лезде рөлді бұрып үлгере алмай, қапталдан соққан көліктің екпінімен жолдың жиегіндегі электр бағанына түйіседі. Автобус-"Автопарк" ЖШС-не тиесілі. Арманның автобусқа отырғанына көп бола қоймаған. Жолаушылар тасымалдап жүргеніне 1 ай ғана. Шығынды кім өтейтінін компания шешуі тиіс. Тұрғындардың айтуынша, аталған жол айрығында көлік апаты жиі болып тұрады. Екі күн бұрын Махамбет көшесінің бойында екі көлік түйісіп қалған. Көп жағдайда жүргізушілер жылдамдықты шамадан тыс асырады. Жол сақшылары болса, бұл жерде тиісті жол белгілерінің барлығы да тұрғанын алға тартады. Абырой болғанда, бүгінгі жол апатынан автобустағылар да, жүргізушілер де зардап шеккен жоқ. Жеңіл жарақат алған жолаушыларға жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері көмек көрсетті. |
Количество показов: 2095
Дата создания: 19.06.2013 18:02:06