Жол жөндеу жұмыстарының жартысы бітті
Жол жөндеуге қатысты қалада жарты жұмыс бітті, жартысы аяқталуға жақын. Қаражаттың кеш бөлінуіне орай келер жылға қалдырылған жұмыстар да бар. Қыс болса жақын. Ал астаң-кестеңі шыққан көшелеріміздің ретке келер күні қашан? Бұл өзі қашан бітеді? Қалада жол жөндеу жұмыстарын бақылауына алған қала әкімінің орынбасары Геннадий Дудаков осы сұраққа әзілмен "ешқашан" деп жауап берді. Шенеунік әңгіменің шынын айтып отыр. Өйткені жол жөндеу жыл сайын айналып келіп тұратын жұмыс. Бір жерде бітсе, бір жерде басталады. Некрасов көшесі 90 пайызға дайын. Асфальттың соңғы үстіңгі қабатын төсеу қалды. Сондай-ақ суағар салынып жатыр. Некрасов көшесін Ломоносовпен жалғап жіберу жұмысшыларға аздаған қиындық туғызып тұрса керек. Ауа райы қолайлы болса, осы демалыста ол жұмыс та тәмам болуы керек. Әкімжановта жол 95 пайызға салынып бітті. 1 квартал ғана қалып тұр. Жол жөндеу жұмыстарына жаңа технология ене бастады. Айтсақ, көлік қозғалысы белсенді Әбілқайыр хан даңғылының Тілеу батырдан Пацаев көшесіне дейінгі бөлігіне жаңа технологиямен жасалған асфальт төселді. Ол бұрынғылардан гөрі төзімдірек, ылғалға төтеп бере алады. Ал жаңа көпір осы айдың соңында пайдалануға беріледі. Көпір үстімен және оған жалғасқан көшелермен қозғалыс кестесі пысықталып жатқан көрінеді. Осы маңдағы жол белгілері өзгеріске ұшырайды. Басты және қосалқы көлік жолдары белгіленуде. Қаладағы қоғамдық көліктердің қозғалыс сызбасына да өзгеріс енгізіледі. Бұл жұмыстардың барлығына бюджеттен 2 миллиард 700 миллион теңге жаратылды. Келер жылы қала ішінде 50 көшені жөндеу жоспарда. |
Количество показов: 2051
Дата создания: 18.10.2013 18:24:32