Жол белгілерін ұрлаған ақтөбелік қолға түсті
Тәртіп сақшылары кеше жол белгілерін ұрлаған 29 жастағы ақтөбелікті ұстады. Әлгі азамат бір күннің ішінде 6 жол белгісін қолды қылған. Күдіктінің өзі мұндай қадамға нәпәқа табу үшін барғандығын айтады. Ол осыдан бірнеше ай бұрын Богословка ауылынан қалаға жұмыс іздеп келген. Қазір оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Осыдан 2 ай бұрын "Тазалық" ЖШС- нің басшылары өздеріне қарасты аумақта жол белгілерінің ұрланғандығы жөнінде қалалық ішкі істер бөліміне арызданады. Жедел іздестіру шарасы барысында қолды болған жол белгілері қаламыздағы түсті метал қабылдау бекеттерінің бірінен табылған. Шығын көлемі 169 мың теңгені құрады. Кінәсі дәлелденсе, күдікті 3 жылға дейін темір торға тоғытылады. Сондай-ақ тоналған түсті металдарды қабылдау арқылы да бекет заңсыздыққа жол берді. Қолға түскен күдікті 29 жаста. Үйленген, 1 баласы бар. Ол қалаға елді мекендердің бірінен жұмыс іздеп келген. Алайда құжатының жоқтығынан жұмысқа орналаса алмаған. Амалы таусылғаннан арам жолмен ақша таппақ болған. Қаламыздың ескі бөлігіндегі Жамбыл, Ряхов, Шернияз көшелерінің бойынан жалпы саны 8 жол белгісі ұрланған. Алайда қолға түскен күдікті соның 6- ын ғана ұрлағандығын мойындап отыр. Қалғаны қайда екені әзірге белгісіз. Полиция қызметкерлерінің айтуынша күдікті осыған дейін де пәтер тонап, істі болған. Алайда жәбірленуші жақпен бітімге келіп, қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кеткен. |
Количество показов: 2122
Дата создания: 13.03.2013 18:59:00