Жер үй өртеніп, екі адам жанып кетті
Ақтөбеге іргелес Садовый ауылында жер үй түгелімен өртеніп кетті. Таңғы сағат 5 жарымда тұтанған тілсіз жау екі адамның өмірін қиды. Қос пәтерлі 140 шаршы метр болатын жер үйде екі отбасы қатар тұрып келген. 4 баласы бар бір отбасы өрттен аман қалды. Бірақ, келесі үйдегі 41 жастағы азамат пен 85 жастағы анасы қаза болды. Жәмиға Абдуллина 4 баланың анасы. Отбасында тек күйеуі жұмыс жасайды. Былтыр несие алып, мына жанып кеткен 90 шаршы метрлі жер үйлерін жөндеген. Айына 25 мың теңге несие төлеп отыр. Балалары мектеп жасында. Күн суытар шақ жақындағанда далада қалған отбасының жайы не болмақ? Өрт таңғы сағат 5 жарымда тұтанған. Жалынның иісінен оянған Абдуллиндер отбасы сыртқа шығуға ұмтылады. Анасы балаларын оятып далаға алып шығып үлгергенмен, құжаттар мен дүние мүлік әп-сәтте күлге айналды. Үлкен ұлы иіс тиіп есінен танып қалған. Көршілерінің пайымдауынша, жер үйдің өртенуіне қаза болған Қоңырбаевтардың өздері кінәлі. Айтуларынша, жасы 40-тан асқан азамат ішкілікке салынған. Кеше қатты мас болған, үй ішінде де темекі шегетін әдеті тағы бар. Қызыл жалын Абдуллиндер мен Қоңырбаевтар отбасылары тұрып жатқан жер үйді күлге айналдырды. Өрттен зардап шеккен отбасы мүшелері қайырымды жандар мен жергілікті әкімдіктен көмек күтеді. Қара суық күз бен қақаған қыс жақын. Оқиға орнына келіп кеткен Благодар ауылдық округі әкімдігінің өкілдері өрттен келген шығынды анықтау үшін арнайы комиссия құрыпты. Комиссия мүшелері шығынды белгілеп, қалалық әкімдікке ұсынады. Ал әзірге Абдуллиндер отбасының барар жерлері жоқ. |
Количество показов: 2151
Дата создания: 03.09.2013 18:58:27