Жеке зейнетақы жинақтаушы қорлары қызметін жалғастырып жатыр
Парламент мәжілісі бүгін бірінші оқылымда "ҚР зейнетақымен қамтамасыз ету туралы" заң жобасын және түзетулер пакетін мақұлдады. Заң жобасы бірыңғай зейнетақы жинақтау қорын құруды қарастырады. Енді жеке қорлардың тағдыры не болмақ? Салымшылар ше? Ал қалада жеке зейнетақы жинақтаушы қорлары бірте-бірте өз жұмысын тоқтатып жатыр дегенді Зейнетақы төлеу орталығы облыстық филиалының директоры Қайрат Отаров жоққа шығарды. Елімізде 1998 жылға дейін бір ғана зейнетақы қоры жұмыс жасады. Ал одан кейін бәсекелестік қалыптастыру мақсатында бірнеше жеке қор ашылды. Қазіргі таңда олардың саны 10. Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорын құрып, оны үкіметтің қарауына беруге осы жекеменшік қорлар жіберген қателіктер мен заңсыздықтар түрткі болып отыр. Зейнетақы активтерін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару барысында салымшыларға ешқандай күш түспейді деп отыр Қайрат Отаров. Оның барлығы автоматты түрде жүзеге асады. Қаражаттардың сақталуына үкімет кепіл. Ал активтерді басқару Ұлттық банктің құзырына беріледі. Мәжіліс депутаттары бүгін мақұлдаған заң жобасы әйелдердің зейнетке шығу жасын ұлғайтуды қарастырады. Бұған дейін де айтылғандай ол бойынша 2014 жылдың бірінші қаңтарынан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы 10 жыл ішінде әр жыл сайын алты айға ұзаратын болады. |
Количество показов: 1942
Дата создания: 17.04.2013 18:48:37