Жедел жәрдем шақыртушылар көбейді
Күн райының құбылуы артериалды қан қысымы жоғары тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуде. Жедел жәрдем көмегін жиі қажет ететіндердің көшін осы гипертониялық науқастар бастап тұр. Екінші кезекте - жол-көлік апаттарында зардап шеккендер. Дәрігерлер бригадасы биыл кене шағып, жағдайы нашарлағандарға да көп барған. Маусым айында жүрек-қан тамырлары айналымы нашарлаған 1 мың 200-ден астам адам дәрігердің көмегіне жүгінген. Шілдеде олардың саны екі есеге көп. Күннің ыстығы, күйзеліс, тұрмыстағы ұрыс-керіс - осының бәрі науқастардың бұрыннан бар дерттерін асқындырған. Тұрғындар, әсіресе қариялар қит етсе, 103-ші нөмірлі қызметке хабарласуды әдетке айналдырған. Жедел жәрдем бригадасын күн сайын шақыртпаса, ұйықтай алмайтын қарттар бар. Дәрігерлер биыл шақыртулар санының күрт артқандығын айтады. Осы айда жедел жәрдем бригадалары 13 мың 607 рет шақыртуға шыққан. Күніне 400-500 адам көмек сұрайды. Әсіресе, жол-көлік апаттарында жарақат алатындар көп. Шілдеде ақ халаттылар көлікпен апатқа ұшыраған 128 адамды дер кезінде ауруханаға жеткізді. Жетеуін аман алып қалу мүмкін болмады. 103 қызметінің бригадасы жәндік шаққандарға да жиі барған. Табиғат аясына шығып, таскененің шабуылына ұшыраған 71 науқасқа тиісті медициналық көмек көрсетілді. |
Количество показов: 2099
Дата создания: 30.07.2013 18:56:25