Жеңіс даңғылындағы теміржол өткелі кеңейтіледі
Жеңіс даңғылындағы теміржол өткелінің бүгінгі сиқы осы. Қаламен бірге жасап келе жатқан өткел уақыт өте қатары көбейіп келе жатқан көліктер үшін қыл көпірге айналды. Соңғы уақытта осы аралық мүлдем кептелістен босаған емес. Мұны ақтөбелік жүргізушілер "тар жол тайғақ кешу" дер. Жергілікті билік те теміржол өткелін кеңейтуге нақ сол көлік нөпірінің көбейгендігі себеп болғанын алға тартады. Даңғылдағы өткелдің енін ұлғайтуға бюджеттен 180 миллион теңге қарастырылып қойды. Бір жұмысты екі етпес үшін алдымен жер асты су, жылу, кәріз құбырлары жаңартылып алынады. Бұл негізгі құрылысқа кірісер алдындағы дайындықтар. Содан кейін барып қана "Ассанастройсервис" ЖШС-і екі жолақты болып тұрған өткелді 4 жолақты етіп кеңейтуге көшеді. Жөнделетін жол бөлігінің ұзындығы 200 метр. Өткел бойындағы бекет кейінге жылжытылып, жаңартылады. Жаңа жол белгілері пайда болады. Маңайды абаттандыру жұмыстары да қарастырылған. Жол құрылысы 1 айға жуық уақытқа созылады. Құрылыс басталғанда өткел уақытша жабылады. |
Количество показов: 2908
Дата создания: 27.08.2012 18:36:30