Жастар саябақты жөндеп жатыр
Бір топ ерікті қаланың көркеюіне өз үлестерін қоспақшы. Қараусыз жатқан саябақты қоқыстан тазартып, субұрқақ пен мәдени шаралар өткізуге арналған сахна орнатпақ. Барлық жұмысты тегін атқарып жатыр. Демеушілерді де өздері іздеп тапқан. "Алақай" қуыршақ театрының артында орналасқан алаңқайдың қараусыз жатқанына қынжылған жастар аумақты саябаққа айналдыруды қолға алды. Маусымдық сенбілік кезінде тазартылатын, артынша ұмыт қалатын мұндай орындар қалада көп дейді бастамашы топ. Олқылықтың орнын толтыруды өздерінен бастады. Еріктілер "Жаңа толқын Ақтөбе" қоғамдық бірлестігімен бірігіп, бүгін саябақты жөндеуге кірісті. Еріктілер 110 сотық жерді адам танымастай етіп өзгертпекші. Әрбір саябақта мәдени шаралар өткізетін сахна болуы тиіс дейді жастар. Келушілер кең тыныстап, демалуы үшін сұбұрқақ орнатып, орындықтарды ауыстыруды жоспарлап отыр. Аумақты көгалдандыру жағын да ескерген. Саябаққа жаңғақ тұқымдас ағаштар отырғызылады. Сөйтіп, адам қарасы көп жинала бермейтін алаңқайды көпшілік бас қосып, тыныстайтын жерге айналдырғымыз келеді дейді бастамашыл топ. Жаңарту жұмысына демеушілер атсалысып жатыр. Бастамашы топ кәсіпкерлерге жолығып, біреулері құрылыс материалы, енді біреулері техникамен көмектескен. Еріктілердің алаңқайды жаңартамыз деген жақсы бастамасын жергілікті атқарушы билік те қолдаған. Субұрқаққа құбыр жүргізіп беруді қолға алыпты. Жөндеу жұмыстары маусымның ортасында аяқталады. Ал жаңа саябақты жастар "Бейбітшілік" деп атауды ұйғарыпты. Жастардың игілікті ісі мұнымен бітпейді. Балаларды қорғау күніне орай, 29-мамыр күні қайырымдылық концертін ұйымдастырып жатыр. Мәдени шарадан түскен қаражатты Тамды балалар үйінің тәрбиеленушілеріне береді. |
Количество показов: 2427
Дата создания: 24.05.2013 17:35:03