Жарықшам салынған жәшік теміржол вокзалын дүрліктірді
Қытайдың кәдімгі жарықшамы кеше кешке қаланың барлық шұғыл қызметтерін аяғынан тік тұрғызды. Сағат тоғыздар шамасында теміржол вокзалының бірінші қабатындағы №1 кассаның маңынан кезекші инспектор буып-түйілген шағын жәшікті тауып алған. Дереу төтенше жағдайлар, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік қызметі департаменттеріне хабар беріліпті. Теміржол вокзалына құтқарушылар, жедел жәрдем мен "Арлан" арнайы қызметі шұғыл жетіп, вокзалдағы 120-ға жуық жолаушы мен 30 қызметкер 12 минуттың ішінде сыртқа шығарылды. Саперлар жәшікті тінтіп, ашқан соң оның ішінен Қытайда шығарылған кәдімгі аспалы шамды анықтаған. Ақтөбе станциясы желілік ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Тұрар Таңатовтың айтуынша, жарықшамды вокзалға билет алуға келген жолаушы тұрған жерінде ұмытып кеткен. Ембі қаласының 25 жастағы тұрғыны жоғалтқан затын бір жарым сағат өткен соң іздеп келіпті. Қазір бұл іспен тергеушілер айналысып жатыр.
Количество показов: 2449
Дата создания: 18.09.2012 18:30:45