Жалақыдан жалтарған 160 кәсіпорынға қатысты әкімшілік іс қозғалды
Жалақыдан жалтарып, жұмысшыларды сергелдеңге салған жұмыс берушілер алдағы уақытта заң алдында жауап беруі тиіс. Бүгін қала әкімдігінде өткен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеуге қатысты арнайы комиссияның отырысында осы мәселелер сөз болды. Басқосуда талқыланған басты мәселе ол жұмыс беруші мен жұмысшы арасында орын алуы мүмкін жанжалға қатысты. Екі тараптың арасындағы мұндай келіспеушілік көбіне жұмыс берушінің жұмысшыға берешегін өтемеуі себебінен туындап жатады. Жыл басынан бері Ақтөбеде жалақыдан жалтарып дәл осындай қарызын қайтармай жүрген 160 кәсіпорынға қатысты әкімшілік іс қозғалған. Олардың еңбекақыға қатысты жалпы берешегі қазір 43 млн. теңгені құрап отыр.
Комиссия отырысында талқыланған тағы бір мәселе - ол ұжымдық келісім шартқа қатысты. Ақтөбеде қазір 8 мыңнан астам заңды тұлға тіркелген. Алайда соның жартысына жуығы ғана жұмысшыларымен арада аталған келісім шартқа отырған. Дегенмен бұл көрсеткіш осыдан 6 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда біршама жақсарған. Оған жұмысшылардың еңбек қатынастарына қатысты сауаттылығының артуы да басты себеп. Оның үстіне құзырлы орындар тарапынан еңбек келісім шартына қатысты кәсіпорындарға қойылатын талап та күшейген. Облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Саламат Аманбаевтың айтуынша ұжымдық келісім шарты жұмысшылар үшін өте маңызды. Біріншіден аталмыш келісім еңбек қауіпсіздігінің басты кепілі болса, екіншіден бұл құжат жұмыс берушінің жалақыдан жалтаруына жол бермейді.
|
Количество показов: 1759
Дата создания: 03.07.2013 19:00:07