Жабайы сауда жойылды: билік жеңді
Қала билігі жабайы саудамен күресте жеңіске жетті. Шоқан Уәлиханов көшесі бойында бұрын сауда жасап тұрғандардың бүгін қарасы да жоқ. Уәлиханов көшесінің бойы бірер күнде бұлайша тазарады деп кім ойлаған? Топырақ аралас ішек-қарын, балық, сүт, қаймақ, бұзылған көкөністер мен жемістер саудасының қазір ізі де жоқ. Көше тазарып, жүргіншілер жолы ашылды. Жабайы сауданың жаппай көзін құрту операциясы жайма базарлары бар барлық аудандарда жүргізіледі. "Алтай" базары, Қалдаяқов көшесіндегі "Ануар" базары, Есет батыр көшесіндегі "Анвар" супермаркетіне жақын маңда көше саудасын көркейткен тұрғындар отырған жерлерінен қуылады. Шаһар басшылығы оларға қала бойынша арнайы бекітілген сауда нүктелері мен тоғыз шағын базардан тегін орындар ұсынып жатыр. Саудагерлер көшедегі сауда-саттыққа қайта оралмасы үшін орталық базар маңында полиция қызметкерлері кезекшілік етіп жүр. Бұл жерге осы аудандағы барлық учаскелік инспекторлар жұмылдырылған. Шенділер жол шетінде отырып құмалақ ашатындар мен балгерлерді де қуып тынды. Шернияз және Уәлиханов көшелерінің қиылысына екі бейнекамера орнатылды. Биліктің ескертуіне құлақ аспайтындар қомақты айыппұлмен жазаланатын болады. |
Количество показов: 3880
Дата создания: 25.07.2012 19:07:45