Жаңбыр суын соруға 28 арнайы техника шықты
Таң ата күшіне мінген жауыннан кейін көшелер, аялдамалар, жаяу жүргіншілер жолдары мен тұрғын үйлердің аулаларын су басты. Коммуналдық қызметтер жаңбырдың болатынын күні бұрын білген. Арнайы техникалар суы мол жиналатын аудандарға дер кезінде аттандырылғанымен, үздіксіз жауған жауын көшелерді құрғатуға мүмкіндік бермеді. Қою қара бұлт қаланың аспанын кешеден бері торлаған еді. Таңға жақын көктің түбі тесілді. Сағат алтылар шамасында басталған жаңбыр жарты күн толастамады. Көшелер, аялдамалар, жаяу жүргіншілер жолдары мен тұрғын үйлердің аулалары суға толды. Әдеттегідей, темір жол вокзалы маңында аяқ басар жер жоқ. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Хасен Юсуповтың айтуынша, бұл көптен бері күтілген жаңбыр. Сондықтан, коммуналдық қызметтер табиғаттың құбылысына алдын-ала қамданған. Таңертеңгі сағат жеті жарымда 28 арнайы техника шаһардың әр ауданына аттандырылды. Темір жол вокзалы ауданында үш су соратын көлік үздіксіз жұмыс істегенімен, жаңбыр жұмысшылардың еңбегін қайта-қайта шайып кетті. Арнайы көліктің жүргізушісі Бақыт Хайруллин екі сағаттың ішінде жеті рейс жасаған. Көлігінің бөшкесіне 3, 800 литр су сыяды. Вокзал ауданында жаңбыр суы жиналатын арық бар. Маусым айында тазартылған. Алайда, көше тазалығы мәдениетінен жұрдай халық шұңқырларды бітеп тастаған. Соның зардабын енді өздері тартып отыр, дейді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы. Аспан түстен кейін ашылды. Коммуналдық қызметтердің қарқынды жұмысының арқасында көшелердегі су біраз азайып, жаяу адам жүре алатындай қалыпқа келді. Бірақ, бұндай жаңбыр қайталанса, бүгінгідей телегей-теңіз кешіп кетуіміз мүмкін. Ал арықтардың мәселесі Ақтөбеде әлі күнге шешімін таппай келеді. |
Количество показов: 1997
Дата создания: 31.07.2013 19:42:13