Жаңаруы тиіс үй шатырсыз қалды
Кеше қатты желден қаламыздағы бірқатар үйлердің шатыры құлап түсті. Солардың бірі 11 ықшам ауданда орналасқан 83 үй. Бір таңқаларлығы аталмыш үйге жуықта ғана терможаңғырту бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Аталмыш үйге терможаңғырту жұмыстарын жүргізу осыдан екі жыл бұрын басталған. Күрделі жұмыстарды жүргізуді бастапқыда бас мердігер компания "Табыс Ақтөбе" ЖШС қолға алған. Кейін бұл мердігер мекеме өзіне артылған барлық міндеттерді "Ақтөбе Кап Рем Строй" ЖШС-не жүктеген. Ал соңғысы болса құрылысты өткен жылдың қазан айына дейін бітіреміз деп уәде еткен. Осылайша құрғақ уәдемен қыруар қаржыны қалтасына басқан мердігер, ақыры халыққа қарасын көрсетпей кетіпті.
Бұл үйдің терможаңғырту жұмыстарына қазынадан 33 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Енді мұншама қаржыны халық 7 жыл бойы қалтасынан төлеуге міндетті. Алайда жұмсалған қаражатқа осыған дейін аталмыш үйдің шатыры ғана жөнделіпті. Ол шатырдың өзі де кешегі табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алмады. Құлаған шатырдың астынан аспандағы жұлдызды тамашалауға қалалық тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің бастығы Жұлдызбек Бейсембин де келіпті. Алайда терможаңғыртуға іліккен үйлерді көзінен таса қылмай, бақылауға жауапты басшы тұрғындарға басу айтумен ғана шектелген. Осы мәселеге орай бізге бас мердігер компания "Табыс-Ақтөбе" ЖШС басшылары телефон арқылы жауап берді. Кешегі қатты желден қаламызда екі көпқабатты үйдің шатыры құлаған. Сондай-ақ табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алмай Ақтөбеде бірнеше ағаш қираған. Бір қуанарлығы адам шығыны тіркелген жоқ.
|
Количество показов: 2000
Дата создания: 20.05.2013 19:47:34