Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеевтің ісі ақтөбелік алқабилердің қарауында
Бүгін Ақтөбеде Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеевтің ісін қайта қарау процесі басталды. Алғашқы отырыс облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқа билердің қатысуымен өтіп жатыр. Жаңаөзен қаласының басшысына қатысты іс бұған дейін Маңғыстау облыстық сотында қаралды. Маңғыстаулық алқабилер ол кезде Орақ Сарбөпеевті бірнеше рет ақтап шығарған. Бұл үкімдермен келіспеген прокурорлар наразылық білдіріп, Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық алқасы Сарбөпеевтің ісін ақыр соңында Жоғарғы сотқа жолдады. Жоғарғы сот істі жақын аймақтардағы сотқа, соның ішінде Ақтөбеге жіберді. Тамыздың екісі күні сот залынан қамауға алынған экс-әкім осыдан бір апта бұрын біздің қалаға жеткізілді. Оған аса ірі мөлшерде пара алған және аса ірі мөлшерде пара алуға оқталған деген айыптар тағылып отыр. Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі бүгін өзіне тағылған айыптардың бірде-бірін мойындаған жоқ. Сарбөпеевтің ісін алқабилер қатарындағы 12 ақтөбелік азаматша қарайды. Ал процесті облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Шапағат Әлнияз жүргізеді. Айыптаушы жақ - ақтөбелік және ақтаулық екі прокурор. Сотталушының мүддесін үш адвокат қорғап жатыр. Тыңдау әлі жалғасады. |
Количество показов: 2556
Дата создания: 19.09.2012 20:14:30