Жаңа үйдің шатыры тесіліп пәтерлер суға кетіп жатыр
Жағалау көшесінің бойындағы он қабатты №82 үй тұрғындарының таңсәріден тынышы қашты. Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған бұл жаңа үйді 2 күн толассыз жауған жаңбыр қас- қағымда жуып-шайып кеткен. Жоғары қабаттың төбесін тесіп сорғалай аққан су тіпті жетінші қабатқа дейін жетіпті. Мынау тұсқағаздары сыпырылып түсіп, қабырғасы көгеріп кеткен Гүлнәр Алдабергенованың пәтері. Мемлекеттік қызметтің арқасында басыбайлы баспаналы болған бұл отбасының осы үйді мекендегеніне 3 жылдың жүзі болыпты. Алайда осы уақыт ішінде жаңбыр мен қар суынан көз ашпай келеді. Жаңбыр суы жағалап жетінші қабатта тұратын Жәміш апайдың үйіне де жеткен. Тұрмыстық техникалары iстен шығып, жиһаздары жарамсыз болып қалған. Балалардың компьютері жанып, тоңазытқыштары iстен шыққан. Тұрғындар базынасын айтып қала басшыларына да барыпты. Алайда атқарушы билік бұл көпқабатты үйге қатысты әзірге нақты бір іс тындырмаған. Тұрғындар түгелімен бұл жайсыздыққа «Табыс-Ақтөбе» деп аталатын пәтер иелері кооперативінің басшысын жазғырып отыр. Олардың айтуынша әлгі кооператив басшылары халықтың қыруар қаржысын қалтаға басқанннан басқа түк бітірмеген. Оның үстіне қызмет көрсетуге қатысты тұрғындар мен аты аталған кооператив арасында арнайы келісім-шарт та болмай шықты. Келісім-шартсыз халықтан қаржыны қалай алып отырғанын пәтер иелері кооперативі өкілдерінің өздері түсіндіріп бере алмады. "Табыс-Ақтөбе" ЖШС директорының орынбасары Нұрлан Маханбетовтың сөзінен ұққанымыз бұл көпқабатты үйдің төбесін жамап-жасқауға 4 млн. теңге қажет. Ал осыған дейінгі жұрттан жиған қыруар қаржының қалай, қайда, қандай мақсатта жұмсалғаны әзірге белгісіз. |
Количество показов: 2026
Дата создания: 26.04.2013 17:51:22