Жаңа университет ресми түрде ашылды
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті ресми түрде ашылды. Жоғары оқу орынында 13 мың 431 студент білім алады. Олардың 2364-і бірінші курсқа қабылданғандар. Студенттердің 26 пайызы мемлекеттік білім грантымен оқиды. Тамыздың 29-нан бастап жоғары оқу орны өз жұмысын бастады. Осы жылы өңірдегі іргелі екі оқу орны- Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті мен Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты біріккен болатын. Ірі оқу орындарының орнына жаңа өңірлік мемлекеттік университет құрылды. Өзге оқу орындары секілді жаңа білім ордасы да білім күнінде өз студенттерін қабылдады. Дегенмен оқу процесі қыркүйектің тоғызында басталмақ. Жаңа университетте 13 мамандық бойынша магистратура бар. 741 профессор, оқытушылар сабақ береді. Амантай Нұрмағамбетовтың айтуынша, бастапқы кезеңінде екі оқу орнының да барлық қызметкерлері өз қызметтерін сақтап қалады. Ішінара өзгерістер болса, олар тек қана әкімшілік-басқару аппаратында болуы мүмкін. Мысалы, екі кадр бөлімі немесе екі есеп бөлімі, сол сияқты екі канцелярияның болуына ешқандай негіз жоқ. Осы тәріздес атаулары бірдей кафедра, факультеттер, бөлімдердің саны қысқаруы мүмкін. Екі жылдан соң, яғни 2015 жылы республикадағы барлық мектептер 12 жылдық оқыту жүйесіне көшетіні белгілі. Осыған байланысты жаңадан құрылған Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті педагогикалық мамандықтар бойынша магистратураларды қалпына келтіріп, сұранысқа сай докторантура ашу мәселесін көтермек. |
Количество показов: 3029
Дата создания: 03.09.2013 18:55:40