Жаңақоныста діни ағым жетегіндегі ата-аналар балаларын ектіруден бас тартып отыр
"Өз еліңді қорға - вакцинация ал". Бүгін осы тақырыпта санитар - эпидемиологтар Жаңақоныс ауылы тұрғындары арасында акция ұйымдастырды. Бұл ауылда балаларын егуден бас тартқан ата - аналар бар. Шараға Новый селолық округінің әкімі, ауыл имамы және медицина қызметкерлері шақырылған. Дерекке сүйенсек, аталған ауылда тоғыз отбасы балаларын ектіруден бас тартуда. Бес жасқа дейінгі 15 бүлдіршін ата - аналарының теріс көзқарасы кесірінен қауіпті топқа енді. Новый селолық округінің әкімі Бақыткелді Мыңжасардың айтуынша, олардың дені -діни ағымға берілген жас ата - аналар. Ауыл имамы Білімжан Қосжан ине шаншудың зияны жоқ екендігін тұрғындарға дәлелдеуге тырысты. Әр адам алпыс жасқа дейін 11 түрлі инфекцияға қарсы вакцина қабылдауы керек. Алайда Ұлттық егу күнтізбесі талабын сақтау қиындап барады. Ақтөбеде егілуге қарсы тұрғындардың қатары 400- ге жуық. Бүгін сонымен қатар Жаңақоныс ауылы тұрғындары қан қысымын өлшеп, ағзадағы қант мөлшерін анықтауға мүмкіндік алды. Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы өкілдері бұл шараны Жаңақоныс ауылында бірінші рет өткізуде. Ине салдырудан бас тартушыларға үлгі боларлық жайт - тұрғындар дәрігерлердің кеңестеріне құлақ түріп, денсаулықтарын бір тексертіп алды. |
Количество показов: 2185
Дата создания: 04.06.2013 18:38:15