Жаңа көпірдің құрылысы аяқталуға жақын
Қаламызда салынып жатқан көпір құрылысына байланысты бірқатар көшелер бағытын өзгертетін болады. Атап айтсақ Некрасов көшесімен жүретін көліктер енді қарсы бағытта қозғалып, айналма жол арқылы көпірге шығады. Ал көпірдің екі жағын жалғайтын Әз-Наурыз, Әкімжанов көшелері алдағы уақытта кеңейіп, екі жолақтан 4 жолаққа айналмақ. Көпірге ұзындығы 33 метр, салмағы 40 тоннаны құрайтын темірбетон жұмсалған. Оның үстіне арнайы тор төселіп, 15 сантиметрлік цемент құйылды. Нысанның құрылысына қажетті материалдардың басым бөлігі жергілікті компаниялардан сатып алынған. Жалпы ұзындығы 550 метрге жететін 4 жолақты көпір алғашқыда үстіміздегі жылдың қазан айында пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда мердігер мекеме басшылары көпір құрылысын қыркүйек айында аяқтаймыз деп отыр. Қазір көпір 90 пайызға дайын, қалып тұрған тек құрылыс монтаж жұмыстары ғана. Құны 4 жарым млрд. теңгені құрайтын көпір құрылысы өткен жылдың қыркүйек айында басталған болатын. Оның 2,5 млрд теңгесіне көпірдің өзі салынды. Ал қалған қаражат Әкімжанов және Әз Наурыз көшелерінің күрделі жөндеуіне жұмсалмақ. Аталған жобаға қатысты жаңаратын көшелердің жалпы ұзындығы 2 шақырымға жуық. Құрылысқа 150-ден астам жұмысшы жұмылдырылған. Олардың 80 пайызы жергілікті тұрғындар. Жобаны жүзеге асырушы компания «Рязанов атындағы №25 көпір құрылысы отряды» ЖШС. Қазір Ақтөбеде 2 көпір бар. Оның бірі 5-ші шағын аудандағы жол өткелі болса, екіншісі Сельмаш ауданындағы көпір. Алайда қаламыздағы қалыпты көлік қозғалысын қамтамасыз етуге аталған көпірлер аздық етуде. Аталмыш нысан іске қосылса болашақта қаланың екі бөлігін қосатын, күніне ондаған мың темір тұлпарды өткізуге қауқарлы төте жолға айналмақ. |
Количество показов: 2141
Дата создания: 10.07.2013 17:46:02