Жаңа көпірдің ашылу мерзімі белгісіз
Әз - Наурыз бен Әкімжанов көшелерін жалғайтын аспалы көпірдің пайдалануға берілетін мерзімі кейінге шегерілді. Арнайы комиссия тексеруінсіз, құжат рәсімделмей бұл аумақтан көліктердің өтуіне жол жоқ. Бүгін қалалық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Руслан Төреғали осылай деп мәлімдеді. Қаланың ескі бөлігі мен 11 ықшам аудан аралығындағы көлік кептелісін түбегейлі жеңілдететін көпір құрылысына тура бір жыл уақыт кетті. Соңғы ұсақ - түйек жұмыстарды тындыру үшін мердігер компания тәулік бойына жұмыс істеуде. Көлік қозғалысы жуық арада белгіленуі тиіс төрт жолақ арқылы жүзеге асады. Ұзындығы 470 метр көпір Шәйкенов көшесінен Асау- Барақ көшесіне дейін, одан әрі Нокин даңғылына шығады. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін тротуар қарастырылған. Ал көпір бойына 29 жарықшам орнатылған. Көпір арқылы өтетін көліктер легін бағыттауда олқылықтар туындамас үшін Смағұлов, Әкімжанов көшелеріне күрделі жөндеу жасалуда. Руслан Төреғалидың айтуынша бұл аумақтан тек жеңіл көліктер ғана емес, ауыр жүк тасымалдайтын көліктер де өтеді. Көпір құрылысын салушылар оның техникалық күтіміне үш жыл кепілдік беріпті. Одан кейінгісі жергілікті биліктің қадағалауында. Баспаналары көпірге таяу орналасқан тұрғындардың мазасы қашпас үшін, түрлі дыбыстарды тұншықтыратын қондырғы орнатылған. Тәулігіне осы жерден 40 мың көлік өтсе, қиылысқан көшелерде көлік кептелістері қалыптаспайды деп сендіріп отыр мамандар. |
Количество показов: 2071
Дата создания: 06.09.2013 18:47:26