Жаңа көпір құрылысы бітуге жақын
Екі ауданды байланыстыратын қаладағы ең үлкен көпірдің құрылысы аяқталуға жақын. Нысанның өзі толық салынып болды. Енді жолға асфальт жамылғысы төселіп, шамдар, қоршаулар мен жақтаулар орнатылуда. Жаңа жол торабы 99 пайызға әзір. Құрылысшылар қазір көпір үстіне соңғы асфальтты-бетонды жамылғы төсеуде. Жаңбыр жауып, кедергі келтірмесе, асфальт уақытында салынса, Әз-Наурыз көшесіндегі көпір қыркүйектің бірінде пайдалануға беріледі. Төрт жолақты көпірдің екі жағынан кеңдігі 1,5 метр, ұзындығы 1,5 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолы жасалды. Тротуарлар темір қоршаулармен жиектелген. Ал, көпірдің басынан аяғына дейін 29 жарықтандыру бағанасы қойылады. Шамдарды "Тимакс электра" мердігерлік мекемесі орнатуда. Бастысы - жақын маңдағы үйлердің тыныштығын бұзбас үшін көпір шу басатын жақтаулармен қоршалуда. Құрылыс учаскесінің бастығы Владислав Горемыкиннің айтуынша, композитті материалдан жасалған жақтаулар көлік дыбысын барынша басуға мүмкіндік береді. Мұндай экрандар ел бойынша тек Алматы мен Астана қалаларында бар. Ақтөбеліктер жаңа көпірдің игілігін көретін күн жақын. Жүргізушілер жол өткеліне Шәйкенов көшесінен шығып, Асау-Барақ көшесі арқылы Нокин даңғылына түсетін болады. Мамандар осылайша автовокзал ауданындағы көлік нөпірі азайып, ондағы жол қозғалысы біршама реттеледі деген сенімде. |
Количество показов: 1699
Дата создания: 22.08.2013 18:07:48