Жаңа көпір қоғамдық көлік қозғалысын өзгертеді
Жаңа көпір қолданысқа берілген күні бірқатар көшелердегі қозғалыс өзгереді. Көпірден түскен көліктер үшін Асау-Барақ көшесінен қаланың ескі бөлігіне қарай бағыт ашылады. Кері жол жоқ. Асау-Барақ көшесі арқылы өтетін қоғамдық көліктер түгелдей Қонаев көшесіне ауыстырылады. Бүгін қалалық әкімдікте өткен брифингте жол инспекторлары жаңа бағыттар жайында жан-жақты мәлімет берді. Көпірдің нақты қай күні ашылатынын әкімдіктегілер дөп басып айтпай отыр. Қазан айының соңына жоспарланған. Ал жол өткелі іске қосылған күннен бастап көшелерде біраз өзгеріс орнайды. Мәселен, Әз-Наурыз көшесінен көпірге көтеріліп, Әкімжанов көшесіне түскен көлік жүргізушілері тура жүреді немесе оңға, яғни Асау-Барақ көшесіне бұрыла алады. Бір бағытта көліктер Шернияз көшесіне дейін жүретін болады. Есесіне, енді Некрасов көшесінің бойында толықтай үш жолақты, екі бағытты қозғалыс ашылады. Жолақтардың екеуі - ықшам аудандарды бетке алса, біреуі - қаланың ескі бөлігіне апарады. Әкімжанов көшесінің кеңейтілуіне байланысты қиылыстарға төрт бағдаршам орнатылады. Атап айтқанда, қозғалысты реттейтін құралдар Әкімжанов-Қонаев, Әкімжанов-Кобозев, Қонаев-Шернияз көшелері мен Әкімжанов-Нокин даңғылының қиылысына қойылады. Бүгін сынақтан өткізу үшін екі бағдаршам іске қосылады. Ал, қазір Асау-Барақ көшесі арқылы өтіп жүрген сегіз бағыттағы жолаушылар автобустары Қонаев көшесіне ауыстырылады. Қала әкімінің орынбасары Геннадий Дудаковтың айтуынша, қалада 189 мың көлік бар. Жаңа көпір 1 сағаттың ішінде 5 мың көлікті өткізуге қауқарлы. 5-ші ықшам аудан мен Сельмашта орналасқан жол тораптарынан қазір сағатына 3,5 мың көлік өтіп жүр. Әз-Наурыз көшесіндегі көпір қолданысқа берілген соң, жергілікті билік келесі жылы аталған екі көпірді күрделі жөндеуді жоспарлап отыр. |
Количество показов: 2170
Дата создания: 21.10.2013 18:38:49