Жүк көліктері 10 күн бойы жіті назарда болады
Ауыр жүк көлігі бар жүргізушілер сақ болыңыздар! "Батыс" өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы бүгін "Ауыр салмақты көлік" акциясын бастады. Инспекторлар 312-атқыштар дивизиясы даңғылының өндірістік аймағында тұрып, өткен-кеткен жүк көліктерін тексеріп жатыр. Көлік инспекциясы мамандарының өндірістік аймақта тұруы тегіннен емес. Нағыз ауыр салмақты көліктер міне осы ауданда көп жүреді. 10 күннің ішінде инспекторлар жүк тасу туралы заңды белінен басқан жүргізушілерді жазаламақ. Акцияның алғашқы сағатында мамандар құрығына ешкім ілінген жоқ. Тексерілген жүк көліктерінің бәрінде нормаға сай жүк тиелген. Инспекторлардың жүк көліктерін тексеруінің жөні бар. Рұқсат етілген салмақ көрсеткішінен асырып жүк тиеген машиналар қала жолдарын құртып жатыр. Жыл басынан бері көліктік бақылау инспекциясы 1 мыңнан астам көлік құралын тоқтатып, салмағын өлшеген. 400-ден көбінде артық салмақ анықталды. Көлік иелерінен жалпы сомасы 6 миллион теңгеге жуықтайтын айыппұл өндірілді. |
Количество показов: 3063
Дата создания: 10.08.2012 21:12:44