Өзге зауыттар нан бағасын көтеруге ұсыныс түсірген жоқ
"Рамазан" зауытының наны кешеден бері дүкендерге 42 теңгеден жіберіліп жатыр. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінде бүгін бұл жайтқа қатысты түсініктеме берілді. Бөлім басшысы Анар Даржанованың айтуынша, жергілікті билік ірі сауда желілеріндегі нанның бағасын қадағалай алады. Ал, шағын дүкендердің иелері ас атасының құнын қалауынша белгілейді. "Рамазандық" бір бөлке нан кешеден бері қала дүкендерінде 50 теңгеден сатылуда. Соңғы рет зауыт өнімнің бағасын 2009 жылы көтерген. Содан бері нанның зауыттан шығару құны 39 теңге болса, енді 42 теңге. Бұны кәсіпорын басшысы Орынбасар Мусин шикізаттың қымбаттауымен түсіндірді. Зауыттан шығу құны мен көлік шығынын қосқанда нан дүкендерге 43 теңгеден жіберіліп жатыр. "Анвар" және "Дина" сауда желілері бірінші сұрыпты ұннан пісірілген әлеуметтік нанның бағасына тек 3 пайыз үстеме қосуға құқылы. Ұсақ дүкендердегі бағаны сауда нүктесінің қожайыны белгілейді. Дегенмен, сауда ісін реттеу туралы заңға сәйкес, күніне 50 нан сататын дүкендер ас атасының бағасын көп дегенде 5 теңгеге көтере алады. Айта кету керек, өзге нан пісіруші мекемелерден бағаны өсіру жайында ұсыныс түспеген. "Ақтөбе-нан" зауытында қазір нанның бастапқы құны - 43, "Атамекен-нан" зауытында - 40 теңге. |
Количество показов: 2291
Дата создания: 22.10.2013 21:00:11