Өзге ұлт балалары қазақ тілін білуге құштар
"Бала тілі - бал". Осындай атпен бүгін қала балабақшаларының арасында арнайы байқау өтті. Шараны қала әкімдігі мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған. Мақсат мектепке дейінгі мекемелердегі қазақ тілінің мәртебесін биіктету мен бүлдіршіндердің ұлттық салт дәстүрімізге деген сүйіспеншілігін арттыру. Шараға қаладағы 7 балабақшадан 30-дан астам бүлдіршін қатысып жатыр. Жас талапкерлер өздерінің тілдік білімдерін сынға салуда. Бірнеше топқа бөлінген бүлдіршіндер алдымен өз балабақшасын, тобын таныстырады. Одан әрі жұмбақтар шешіп, жаңылтпаштар айтады. Ал, соңғы шешуші сайыста балдырғандар "Ертегілер әлемінен" немесе қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерінен көріністер көрсетеді. Тәрбиеленушілердің өнері мен білімін мектепке дейінгі тәрбие беру саласының үздік мамандары бағалауда. Олар бүлдіршіндердің сөйлеу мәнеріне, тіл байлығы мен оның тазалығына, сондай-ақ сахнада өздерін ұстау мәдениетіне баса назар аударады. Ал, байқау сарапшыларының шешімімен үздік атанғандар қала әкімінің дипломдарымен және ақшалай сыйлықтарымен марапатталады. Сондай-ақ жарысқа қатысып белсенділік танытқан балабақшаларға да арнайы сыйлықтар бар. Бұл шара Ақтөбеде өтіп жақан қалалық тіл фестивалінің соңғы байқауы. Осыған дейін шаһарымыздағы барлық мектепке дейінгі ұйымдар арасында іріктеу сайысы болып өтті. Сол сыннан сүрінбей өткен балабақшалар ғана бүгінгі жарысқа қатысуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша аталмыш байқауға қатысушылардың саны жылдан жылға арта түсуде, әсіресе өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілін үйренуге деген құлшыныс өте жоғары. |
Количество показов: 2204
Дата создания: 23.05.2013 18:01:46