Зейнетақы жинақтаушы қорларының активтері ортақ қорға әлі аударылған жоқ
Қазақстандағы зейнетақы жинақтаушы қорларының активтері "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына" аударылған жоқ. Жеке меншік зейнетақы қорлары әлі де дербес жұмыс жасауда. Бұл туралы бүгін "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ-ы Ақтөбе облысындағы филиалының жетекші маманы Шәріпқазы Сұлтанов хабарлады. Оның айтуынша, қазір активтерді бір қорға жинақтаудың арнайы кестесі дайындалып жатыр. Жан-жақта шашырап жатқан зейнетақы қорларындағы активтерді бір қорға біріктіру туралы шешім биыл маусымда қабылданып, "ҚР Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңымен бекітілген болатын. Шілде айында Ұлттық банк басқармасы зейнетақы активтері мен міндеттемелерін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына берудің тәртібін белгіледі. Соған сай, активтерді бір қорға аудару арнайы кесте бойынша жүзеге асады. Кесте мен ондағы іс-шаралардың мерзімін үкімет пен Ұлттық банк бекітеді. Арнайы кесте әлі дайын емес. Сондықтан, елдегі 11 жеке зейнетақы қоры бұрынғыша дербес жұмыс жасап жатыр. Зейнетақы жинақтау қорларының бірігуін ақтөбеліктердің бірі қолдаса, енді бірі жаңа жүйе тәртіпке келгенше жинақтағы қаражат жоғалуы мүмкін деген пікірде. "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ АОФ жетекші маманы Шәріпқазы Сұлтановтың айтуынша, зейнетақы жинақтау қорларының бірігуінен салымшылар ұтылмайды. Олардың зейнетақы жинақтары кезек-кезегімен толық аударылады. Жинақтары туралы мәліметті әзірге әркім өзінің жинақтау қорынан немесе халыққа қызмет көрсету орталығынан сұрата алады. Айта кетер жайт, мәліметтерінде қате кеткен зейнетақы шоттарындағы ақша бюджет есебіне аударылады. Бұл туралы осы аптада еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова ескертті. Оның айтуынша, мәліметтер базасын салыстыру кезінде кейбір салымшылардың реквизиттері, туған күні, айы, жылы, тіпті аты-жөнінен қате жіберіліп, беймәлім қалған шоттар анықталған. |
Количество показов: 2207
Дата создания: 20.09.2013 19:05:55