Зертханашылар тұрғындарға сапалы өнімді таңдауға көмектесті
Санитар-мамандар мен зертхана сарапшылары халық денсаулығына алаңдаулы. Олар бүгін "Алтай" және "Тұрғындар қалашығы" базарларына шығып, тұрғындарға сапалы өнім сатып алуға жәрдемдесті. Зертханашылар сауда нысандарында тұрып-ақ, тұтынушылар сатып алған қарбыздың құрамын тексерді. Сүттен сынама алып, сапасын байқады. Зертханашылардың көмегіне бірінші болып қарбыз сатып алған тұрғын жүгінді. Тәтті жемісті тек тамыз айында алатын жігіт ағасы оның сапасына күдік келтірмеді. Өйткені, бұл кезде қарбыз түрлі қосындылардың көмегінсіз, өздігінен пісіп-жетіледі, дейді. Қарбыз құрамындағы нитрат мөлшерін арнайы құралмен өлшеген мамандар жемістің қауіпсіз екенін растады. Көкөніс пен жемістерден бөлек жылжымалы зертханада сүт өнімдерін тексертіп алуға мүмкіндік бар. Қолдан сатылатын сүт шынында табиғи ма, әлде су қосылған ақ сұйықтық па - мұны тұтынушылар осы жерге әкелінген сүт сапасын сараптайтын қондырғы арқылы білді. Тұрғындар қалашығындағы базардың зертханашысы ақтөбеліктерге дұрыс сүт таңдаудың бірнеше кеңесін ұсынды. Көкөніс, жеміс-жидектер мен ет-сүттің сапалы не сапалы еместігін мамандар тегін тексеріп береді. Бұл акция ертең де жалғасады. Жылжымалы зертхана ертең орталық базарда жұмыс жасайтын болады. |
Количество показов: 2908
Дата создания: 17.08.2012 18:57:35