Үздік ұстаздар марапатталды
Биылғы оқу жылында қала мектептері жаңа білім стандартына көшеді. Оқушылар бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқитын болады. Бұл жөнінде бүгін ұстаздардың дәстүрлі тамыз кеңесінде қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаева мәлімдеді. Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрына жиналған мұғалімдер өткен жылды қорытындылап, жаңа оқу жылында атқарылуы тиіс міндеттерді бекітті. Мектеп табалдырығын аттаған бірінші сынып оқушылары әліппемен қатар енді ағылшын алфавитін үйренетін болады. Қыркүйектен бастап еліміздегі барлық мектептер ағылшын тілін бірінші сыныптан бастап оқыту жүйесіне көшкелі тұр. Ақтөбе қалалық ғылыми-әдістемелік орталығының әдіскері Гүлайым Рахатованың айтуынша, жаңа стандарт оқу процесіне сатылай енгізіледі. Сабақ әзірше аптасына бір сағат жүреді. Қаладағы №26, 39 мектептерде ағылшын тілін ерте жастан оқыту әдісі сынақ ретінде біраз жылдан бері қолданылып жүр. №21 мектеп-гимназиясында математика және биология пәндері ағылшынша өтеді. Қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаева білім беру процесі толығымен үш тілділікке ауысатын күн алыс емес деді. Тамыз мәслихатында бас қосқан ұстаздар өткен оқу жылын қорытындылады. Мұғалімдердің бір жылдық еңбегі қазір ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесімен өлшеніп жүр. Тестілеуде ақтөбелік түлектер орташа 84,6 балл жинап, республика бойынша үшінші орынға тұрақтаған. Білім сынағында нашар нәтиже көрсеткен мектептерді қаланың бас педагогы атын атап, түсін түстеп тізіп шықты. Биыл шектеулі балл жинай алмаған оқушылардың саны артқан. Мұндайлар №2,3,11, 13,18,50 және Георгиев орта мектебінде көп. 53 баланың бағасы "екі". Оның ішінде 31 оқушыға математикадан, алтауына физикадан, екеуіне "Қазақстан тарихы", тағы екеуіне "Қазақ тілі" пәнінен "екі" қойылған. "Қанағаттанарлықсыз" баға алғандардың арасында мақтаулы №2,4,20 және 51-мектеп-гимназиялардың оқушылары бар. Тамыз кеңесі кезінде қала әкімі Ерхан Омаров үш білім ордасына: №33 балабақша, №21 мектеп пен қалалық оқушылар сарайы жетекшілеріне 150 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Кәсіби шеберлігімен көзге түскен 11 ұстаз әкімнің қолынан 50 мың теңге сыйақы алды. |
Количество показов: 2590
Дата создания: 16.08.2013 18:03:37