Запастағы офицерлер сапқа тұруға әзір
Президент жарлығына сәйкес елдің барлық өңірінде әскерилер жасақталып жатыр. Сарбаздардың алды міндетке кірісіп те кеткен. Елге қызмет етуге ниеттенген жастар жергілікті әскери комиссариатарға өтініштерін жолдайды. Олардан коронавируске сынама алынып, қызметке жарамдылығы тексеріледі. Өңірде коронавирус індетімен күрес жұмыстарына 140-тан астам ерікті сарбаз ниет білдірген. Арасында нәзік жандыларда бар. Бірақ өңір бойынша әскери міндеттілердің арасында 100 адам ғана іріктеліп алынған. Бойына жауапкершілік жүктеп, ел амандығын ойлаған азаматтардың дені 18 бен 45 жас аралығында. Олар ертеңнен бастап жұмысқа кіріседі. Қиын-қыстау шақта сапқа тұрғандардың басым бөлігі өз еркімен келген азаматтар. Ел амандығы үшін көз ілмей қызмет етуге дайын. Бұл азаматтардың арасында жұмыс жасайтындардың жалақысы сақталады, ал жұмыссыздарға 42500 теңге айлық төленеді. Олар уақытылы тамақ, қауіпсіздік құралдарымен қамтылады. Үйінен қатынап жұмыс жасауға болады. Айтуларынша, отбасылары бұл шешімге қарсы болмапты, тіпті кейбірінің ата-анасы риза болып, ақ батасын берген. Бағдат Сағынбайұлы ұзақ жылдан бері мектепте мұғалім болып жұмыс жасайды. Жасы 34-те. Өз еркімен әскери жиынға келіп, өтініш қалдырған. Айтуынша бұл қызмет ағартушылық жұмысына еш кедергі келтірмейді. Оқушылар қашықтықтан оқитындықтан, керісінше ыңғайлылығын айтты.Елге танымал тұлғалар да әскери жиынға келіп, өтініш қадырған. Олардың арасында туымызды ринг пен сахнада бірдей желбіретіп жүрген Ибрагим Ескендір, қол күресінен халықаралық сайыстарда ел намысын абыроймен қорғай білген Тимур Сыпатаев та бар. Бұл туралы Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев мәлімдеді. Әзірге әскерге алынғандар 15-ші сәуірге дейін жұмыс жасайды. Ал, елімізде төтенше жағдай жалғасатын болса, олардың қызметтері жалғасады.
Количество показов: 795
Дата создания: 09.04.2020 18:24:05