Әзілкеш жігіт абақтыға қамалуы мүмкін
Жарылғыш зат қойылғандығы туралы жалған хабар берген ақтөбелікке қатысты сот отырысы басталды. Әзілкеш жігіт бұл қылығы үшін ірі сауда орыны мен қаладағы құтқару қызметтеріне қомақты қаржы төлеп, 3 жылдан 7 жылға дейін сотталуы мүмкін. Өзіне "телефон лаңкесі" деп атау берілген Руслан Бодров қылмыстық істі түгелдей мойнына алып отыр. 8 кластық қана білімі бар, жасы 34-те, еш жерде жұмыста жоқ жігіт ақпан айының бірінде кешкі төртте мас күйінде "102" телефонына ұялы телефоннан қоңырау шалып, жарылғыш заттың қойылғандығы туралы хабар берген. Бұл қылығы үшін қатты ұялатындығын сот алдында айтты да. Бірақ, ашық сот отырысына қатысқан "Мега" сауда орталығының өкілі- өздеріне 1 млн 600 мың теңге шығын келгенін, ал оқиға орнындағы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін шақыртылған ұлттық қауіпсіздік қызметі- 28 мың, ішкі істер департаменті қызметкерлері- 36 мың, жедел медициналық көмектің- 7 мың, төтенше жағдайлар қызметі- 16 мың теңге көлемінде шығынға батқандарын, оны өтеп беруді талап етті. Қылмыстық іс бойынша жарылғыш зат қойылғандығы жөнінде хабар бергеннен соң Руслан Бодров ұялы телефондағы сим картаны кешқұрым 8 мөлтек аудандағы көшелердің бірінде жойған. Құқық қорғау қызметкерлері жалған қоңырау иесін бірнеше күннен соң құрықтаған. Оның үстінен қылмыстық іс 1-ші ақпанда қозғалып, №2-ші қалалық сотта 15-ші мамырда жабық күйде қаралған. Әзілдемек болған жігіттің кінәсі дәлелденсе оған 1 млн 687 мың теңге көлемінде айыппұл төлеу мен 3 жылдан 7 жылға дейін абақтыға қамалу жазасы күтіп тұр. |
Количество показов: 2030
Дата создания: 30.05.2013 18:15:22