Әзіл-сықақ кешіне барған тұрғын көлігінен айырылып қалды
Ақтөбеліктер ұлыс күнін мерекелеткен 22-наурызда облыстың бірнеше ауданында және қалада кісі өлтіру қылмысы тіркелді. "Ерлі-зайыптылардың ортасына есі кеткен түседі". Жанжалдасып қалған әйелі мен күйеуінің арасына араша түсемін деп 31 жастағы ер адам бақилық болды. Бұл оқиға 22 наурыз күні Шұбарқұдық кентіндегі кафелердің бірінде өткен мерекелік кеште орын алған. Әйелімен араздасып жатқан 26 жастағы жігіт ортаға түскен 31 жастағы азаматтың арқа тұсына пышақ сұғыпты. Темір аудандық ауруханасына жеткізілгенімен дәрігерлер жәбірленушінің өмірін сақтап қала алмады. Ал ұлыс күнін ішімдікпен атап өткен мәртөктік рөмкілестердің бірі екіншісінің қолынан қаза тапты. 45 жастағы Мәртөк тұрғынының денесі үй аулаларының бірінен табылды. Қылмысқа күдікті 30 жастағы ер адам ертесіне ұсталды. Тергеу барысында анықталғаны, бірігіп ішімдік ішкен екеудің арасында туындаған жанжал барысында ол рөмкілесін күрекпен ұрып, өлтірген. 21-наурызда "Екі езу" әзіл-сықақ театры "Студенттер сарайында" мерекелік концерт берді. Іште бағдарламаны тамашалап отырғанда көрермендердің бірінің сыртта қаңтарылып тұрған көлігін белгісіз біреу айдап әкеткен. Зауыттан 2012 жылы шығарылған "Ниссан-Патрол" автокөлігінің құны 15 миллион теңге. Баукеспе джипті тетігіне сәйкес келетін кілтпен оталдырған. Облыстық ІІД қызметкерлері Жангелдин көшесіндегі жер үйді жалдап тұрып жатқан 27 жастағы Ресей азаматшасының өліміне қатысы бар күдіктіні ұстады. Өзімен түйдей құрдас ақтөбелік екеуара туындаған жалжал кезінде қызды тоңазытқыштың электр сымымен буындырып, өлтірген. Күдікті қамауда. Қылмыстық іс қозғалды. |
Количество показов: 2078
Дата создания: 26.03.2013 18:33:13