Қыз-келіншектер ерлерден қорғанудың әдістерін үйренді
Қобда ауданында жантүршігерлік қылмыстық оқиға орын алды. Ауыл тұрғыны, 37 жастағы ер адам 78 жастағы жалғызбасты кейуананы зорлаған. Айуандыққа барған адам қазір қамауда отыр. Күдікті бар кінәні мойнына алды. Қамауда. Қылмысты ойына алған азаматқа әйел адамның егде тартқан жасы да тосқауыл бола алмады. Сондықтан қасымызда жүрген жігіттің өзінен де қорғану қажет. Ерлер тарапынан қысым көргенде қалай әрекет ету керек? Ақтөбе сервис колледжінің студент-қыздары өзін-өзі қорғаудың әдіс-тәсілдерін меңгеріп жатыр. Әйелдерді тұрмыстық зорлықтан қорғау жөніндегі инспекторлар бүгін арнайы сабақ өткізіп, қорғаныс элементтерін іс жүзінде жасап көрсетті. Инспектор Марина Нұрымжанованың айтуынша, бойжеткендер көбіне зорлық, тонау, бұзақылыққа тап болып жатады. Ол қыздарға түн ішінде бейтаныс немесе шала танитын адамдармен кездеспестен бұрын ақылға салып, ойлану керектігін ескертті. Келіншектер негізінен тұрмыстық жанжалдардың құрбаны болады. Инспекторлар келтірген деректерге сүйенсек, соңғы бес жылдың ішінде Ақтөбе облысында тұрмыстық жанжал кезінде әйелдерге қатысты 50 қылмыс жасалған. Оның ішінде 15-і кісі өлімімен тынды. 13 келіншектің денсаулығына қасақана зақым келтірілген. 22 нәзік жанды орташа дәрежедегі жарақаттар алған. Әйелдерді тұрмыстық зорлықтан қорғау жөніндегі инспекторлар бүгінгідей қорғаныс сабақтарын аймақтағы барлық мекемелер мен оқу орындарында жүргізуді ойластырып отыр. |
Количество показов: 1976
Дата создания: 16.05.2013 19:03:41