Ветеринарлар көлік мінді
Биліктің назары ветеринарларға ауды. Бүгін облыстың мал дәрігерлік кәсіпорындарына 163 көліктің кілті табыс етілді. Шалғай аудандардағы ветеринарлық пункттің әрқайсысына 1 "Нива", әр аудандық бекетке 1 Джип, 1 дезинфекциялау қондырғысы бар арнайы көліктен берді. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, бұл- еліміз егемендік алғаннан бері жасалып отырған үлкен қолдау. Облыс ветеринарларының қуанышында шек жоқ. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Марат Тағымов салтанатты жағдайда қала және аудандардағы мал дәрігерлік бекеттері мен ауылдағы пункттерінің өкілдеріне көліктің кілтін табыстады. Бұған дейін қаражаяу жүрген ветеринарлар енді өздеріне үлкен жауапкершілік жүктелетінін жақсы түсінеді. Су жаңа көліктердің артықшылығы көп дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Маханов. Біріншіден, отандық автокөліктер. "Нива" Өскеменде шығарылса, кәрістің "Сан Йонг" джиптері- өзімізде жинақталған. Тағы бір ерекшелігі- көліктер арнайы жабдықталған, ішінде мал дәрігерінің жұмысына қажеттің бәрі бар. Облыстың мал шаруашылығы бекеттерінің материалдық-техникалық базасын жасақтауға биыл республикалық қазынадан 570 млн теңге бөлінген. Еліміздің ветеринария саласында ілгерілеушілік ҚР «Ветеринария туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бұл қызметтің жеке кәсіпкерлерден мемлекеттік кәсіпорындарға қайтарылуынан кейін анық байқалды. Жаңа құжатқа сәйкес, өткен жылы облыста 13 ветеринарлық мемлекеттік кәсіпорын, ал ауылдық жерлерде пункттер ашылған болатын. Қазір олардың жұмысы бірізділікке түсіп келеді дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринария бөлімінің басшысы Асанхан Жұмашұлы. Шешімін таппай келе жатқан бір мәселе- мамандар тапшылығы. Кеңес ыдырағаннан кейін мемлекеттік қаржыландырудан айырылған ветеринария жүйесі құлдырауға ұшырап, жұмыс жасауға қабілетсіз болып қалды. Бұл жағдайда нарықтық экономика талаптарына сәйкес жаңа жүйе құрылуы тиіс еді. Осыған сәйкес 2002 жылдың басында «Ветеринария туралы заң» қабылданды. Осы заңның ерекшелігі, бірінші рет, ветеринария жүйесінде мемлекеттік қызмет пен шаруашылық қызметтер бір-бірінен ажыратылды. Нақты міндеттер мен ветеринарлық шаралар жүргізуге мүмкіндіктері бар жергілікті орындаушы органдарда ветеринарлық қызметтер құрылды. Бірақ, ветеринарлық шараларды ұйымдастырушылар сол баяғы мал дәрігерлері-лицензиаттар болып болып қала берген еді. "ҚР ветеринария туралы" Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жаңа мүмкіндіктерге жол ашты дейді ауыл шаруашылығы мамандары. Алдағы уақытта аудан әкімдеріне әр ветеринария пунктін шағын бөлмемен қамту туралы тапсырма беріліп отыр. |
Количество показов: 2840
Дата создания: 02.08.2013 18:51:13