Троллейбустар жоғалуы мүмкін
Троллейбус тарих жәдігеріне айналатын күн жақын. №1 бағыттағы троллейбустардың қатынамағанына үш ай болып қалды. Троллейбус паркінің көлік тұрағында бес троллейбус қаңтарылып тұр. Бұл бұрыннан келе жатқан 125 көліктен қалғаны екен. Соңғы рет Қарағандыдағы троллейбус паркі жабылғанда 6 көлік әкелініп, олар да тозығы жетіп, жүрмей қалған. Содан бері жаңартылмаған. Бөлшектерін жаңалау да мүмкін болмай отыр. Ал негізгі талап бойынша, әр бағытқа 18 троллейбустан қатынауы тиіс. Көбінесе студенттер мен зейнеткерлердің қатынас құралына айналған көліктер қалада жол жөндеу жұмыстары басталғанда уақытша тоқтады. Қаланың онсыз да тар көшелерінде кептеліс жасамасын деген мақсатпен. Бұл-мәселенің бір жағы ғана. Троллейбус - қымбат көліктің қатарынан. "Троллейбус паркінің" директоры Әбдіжәли Тәжімұратовтың айтуынша, кәсіпорынға да қаржылық салмақ түсіреді. Айына 500 мың теңге пайда әкелсе, 2 млн теңге электр қуатына төленіп, шығынға батырады. Троллейбустің мәселесі тек біздің қалаға ғана тән емес. Үлкен шаһар Алматының өзінде төрт троллейбус паркінен екеуі ғана қалған. Сондықтан, болашақта, біздің қаламызда да көлік құралын автобуспен алмастыруы әбден мүмкін. Жуырда троллейбус паркі жаңа 20 автобуспен толығады. Қоғамдық көліктің ерекшелігі- бейнекамералармен жабдықталған. Бұл жолаушыларды қалта ұрыларынан қорғауға мүмкіндік береді. Тағы бір өзекті мәселе- жүргізушілер мен кондукторлардың жетіспеушілігі. Троллейбус паркінің 95 автобусы 21 бағытта қатынайды. Олардың арасында қала маңындағы елдімекендер де бар. |
Количество показов: 2263
Дата создания: 11.10.2013 18:36:05