Толассыз жауған жаңбыр қала көшелерін түгел шайып кетті
Бүгін күні бойы нөсерлеткен жауын қала тұрғындарын әбден әбігерге салды. Түнімен сіркіреген жаңбыр таңертең күшейіп, айналдырған екі сағаттың ішінде көшелерді суға толтырды. Табиғаттың бұлайша тосын мінез танытуын коммуналдық қызметтер күтпесе керек. Су сорғылау техникалары тиісті қызметтеріне кеш кірісті. Жұмысқа, оқуға, басқа да мақсатпен көшеге шыққан халық шалшық суды осылайша тобықтан кешіп жүр. Әсіресе, теміржол вокзалы аялдамасының маңы телегей теңіз, қара жаяуға басар жер жоқ. Адамдар жиектастарды жағалап, амалдауда. Шелектеп құйған жаңбырдың кесірінен көліктердің кептелісі көбейді. Жауын аз дегендей, темір тұлпарды тізгіндегендер түсіністік танытудың орнына жаяуларға су шашып өтеді. Табиғаттың тосыннан мінез танытуын қаланың коммуналдық қызметтері күтпесе керек. Көшелер суға лық толып, асфальттан асып, тасыған кезде ғана сорғылау техникалары көріне бастады. Осындай көліктердің бірнешеуін Әбілқайыр хан даңғылы мен Ғазиза Жұбанова көшесінің қиылысынан таптық. Қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы бөлімінің сектор меңгерушісі Хасен Юсуповтың айтуынша, техника жеткілікті, қажет болса, саны көбейтіледі. Науқанға "Трансэнерго" және "Ақбұлақ" мекемелерінің арнайы көліктері де тартылған. Ал, жаңбыр суы жиналатын арықтардың бітелуін әкімдік өкілі тұрғындардың өздерінен көріп отыр. Бар арығы бітеліп, су ортасында қалған теміржол вокзалы аялдамасына су сорғылау техникасы түске таман жетті. |
Количество показов: 2178
Дата создания: 26.04.2013 17:51:51